2025 жылдың маусым айында Алматы қаласының Әділет департаменті «Заң мен тәртіп» акциясы аясында Жетісу және Медеу аудандарында тұрғындарға тегін құқықтық кеңес беру іс-шарасын ұйымдастырды.
Шараның негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және құқықтық көмекке қолжетімділігін қамтамасыз ету. Кеңес беру барысында тұрғындар нотариат, адвокаттық қызмет, алимент өндіру, тұрғын үй және жер қатынастары, зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер, жылжымайтын мүлікті тіркеу және басқа да өзекті мәселелер бойынша кәсіби мамандардан тегін кеңес алды.
Іс-шараға Әділет департаментінің қызметкерлері, адвокаттар, нотариустар, медиаторлар мен өзге де заң саласының мамандары қатысты. Мамандар азаматтардың сұрақтарына нақты әрі түсінікті жауаптар беріп, тиісті құқықтық тетіктерді түсіндірді.
Тұрғындар мұндай кеңес беру жұмыстарының маңыздылығын атап өтіп, бұл бастаманың жиі ұйымдастырылуын қолдайтындарын білдірді.