Әуезов ауданы аумағында «Заң мен тәртіп» акциясы аясында тұрғындарға тегін заңгерлік кеңес беру іс-шарасы ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, күнделікті өмірде кездесетін құқықтық мәселелер бойынша нақты және қолжетімді көмек көрсету.
Кеңес беру барысында тұрғындар жылжымайтын мүлік, әлеуметтік төлемдер, отбасы және еңбек қатынастары, сондай-ақ тұтынушылар құқығы мәселелері бойынша білікті заңгерлерден жауап алды. Көпшілік тарапынан қойылған сұрақтардың дені жеке меншікке құқық, мұрагерлік және алимент төлемдері жайында болды.
Мұндай ашық кездесулер халықтың құқықтық мәдениетін көтеруге және заң алдындағы сенімді нығайтуға үлкен үлес қосады. Тұрғындар өз ризашылықтарын білдіріп, осындай шаралардың жиі өткізілуін қолдайтынын жеткізді.