"Халық заңгері" республикалық акциясы өтті

"Халық заңгері" республикалық акциясы өтті

Іс-шараны Алматы қаласы Әділет департаменті мен қала әкімдігі бірлесе ұйымдастырды. Акцияның басты мақсаты — тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру, азаматтар мен заңды тұлғаларға сапалы заң көмегін және құқықтық кеңес беру болды.

2025 жылғы 30 мамырда Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінде ҚР Үкіметінің 2025 жылғы 1 сәуірдегі №200 қаулысына сәйкес, «Қоғамда Заң және Тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025–2030 жылдарға арналған тұжырымдаманы» іске асыру аясында «Халық заңгері» республикалық кең көлемді акциясы ұйымдастырылды.

Акцияға мемлекеттік билік өкілдері, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Алматы қаласы прокуратурасы, Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы, Білім басқармасы, Полиция департаменті, сондай-ақ Zakon.kz, «Параграф» ақпараттық жүйесі және еліміздің үздік заңгерлері мен жеке сот орындаушылары қатысты.

Науқан барысында қала тұрғындарына мемлекеттік және жергілікті атқарушы орган өкілдері тарапынан тегін қабылдаулар ұйымдастырылды. Заңгерлер, адвокаттар мен сарапшылар тұрғындарды мазалаған сұрақтарға жауап беріп, құқықтық ұсыныстарын айтып, жан-жақты көмек көрсетті. Азаматтар кеңес алып қана қоймай, өзекті мәселелер бойынша нақты түсініктемелер де алды.

Айта кетейік, бұл науқан еліміздің барлық ірі қалаларында өткізіліп, тұрғындардың заңға деген сенімі мен құқықтық мәдениетін нығайтуға бағытталған.