Мектеп қызметкерлеріне құқықтық көмек көрсетілді

Мектеп қызметкерлеріне құқықтық көмек көрсетілді

Алматы қаласы Әділет департаменті «Заң мен тәртіп» акциясы аясында азаматтарға тегін заңгерлік көмек көрсету мақсатында №12 мектеп-гимназиясында мектеп қызметкерлеріне арналған арнайы кездесу ұйымдастырды. Бұл іс-шара қоғамның әлеуметтік маңызды салаларында еңбек етіп жүрген азаматтарды құқықтық тұрғыдан қолдау, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру және күнделікті қызмет барысында кездесетін мәселелерді заң аясында шешуге жәрдемдесу мақсатында өтті.

Іс-шара барысында Әділет департаментінің мамандары білім беру саласындағы қызметкерлерге еңбек заңнамасы, әлеуметтік кепілдіктер, еңбек шарттарының талаптары, жұмыс уақытын реттеу, еңбек дауларын шешу жолдары және мемлекеттік қызметшілерге қойылатын құқықтық талаптар бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, қатысушылар еңбек қатынастарына, зейнетақымен қамсыздандыру, әлеуметтік төлемдер мен жеңілдіктерге қатысты өздерін толғандырған сұрақтарға нақты жауаптар алды.

Аталған шараға Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Халықтың әлеуметтік қорғалатын топтарын қолдау және жұмыспен қамту» саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің мамандары да қатысты. Олар әлеуметтік қорғау жүйесіндегі соңғы өзгерістер, әлеуметтік қолдау тетіктері, сондай-ақ халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына көрсетілетін мемлекеттік көмектер туралы кең көлемде ақпарат берді.

Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтті. Мұндай тікелей кездесулер құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, заңға деген сенімді нығайтуға және қоғамда заң үстемдігін қамтамасыз етуге өз септігін тигізеді.

Алматы қаласы Әділет департаменті мұндай іс-шараларды алдағы уақытта да түрлі мекемелерде ұйымдастыруды жалғастыратын болады. Бұл – құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадамдардың бірі.