Алматы қаласы Әділет департаменті «Заң мен тәртіп» акциясы аясында азаматтарға тегін заңгерлік көмек көрсету мақсатында түзету мекемесінде арнайы кездесу ұйымдастырды. Іс-шараның басты мақсаты – жазасын өтеуші азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, олардың әлеуметтік бейімделуіне құқықтық қолдау көрсету, сондай-ақ босап шыққаннан кейін қоғамға қайта қосылуына жәрдемдесу.
Кездесу барысында сотталған азаматтар өздерін толғандырған құқықтық мәселелер бойынша білікті заңгерлерден тегін кеңес алды. Сонымен қатар, олар еңбек қатынастары, әлеуметтік жәрдемақылар мен жеңілдіктер, тұрғын үй мәселелері және құжаттарды қалпына келтіру тәртібі секілді тақырыптарда ақпарат алды.
Аталған шараға Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Халықтың әлеуметтік қорғалатын топтарын қолдау және жұмыспен қамту» саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің мамандары да қатысты. Олар әлеуметтік қолдау тетіктері, қайта бейімдеу және жұмысқа орналастыру мүмкіндіктері туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, сотталған азаматтардың сұрақтарына жауап берді.
Мұндай шаралар түзету мекемелерінде отырған азаматтардың құқықтарын қорғау және оларға заң аясында көмектесу жолында маңызды қадам болып табылады. Сонымен қатар, бұл – олардың қайта қылмысқа бармауына, қоғамда өз орнын табуына бағытталған оң бастама.