ҚАЛАЙ НОТАРИУС БОЛУҒА БОЛАДЫ?

ҚАЛАЙ НОТАРИУС БОЛУҒА БОЛАДЫ?

Егер «Нотариат туралы» Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі – Заң) өзгеше көзделмесе, жасы жиырма беске толған, жоғары заң білімі, заңгер мамандығы бойынша кемінде екі жыл жұмыс өтілі бар, нотариуста кемінде бір жыл мерзіммен тағылымдамадан, әділет аттестаттау комиссиясында аттестаттаудан өткен және нотариаттық қызметпен айналысу құқығына лицензия алған Қазақстан Республикасының азаматы нотариус бола алады.

Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі нотариустардың қызметін лицензиялайды.

Нотариаттық қызметпен айналысу құқығына лицензия алу үшін:

1 қадам.

Нотариаттық қызметпен айналысу құқығына тағылымдамадан өту

Нотариаттық қызметпен айналысу құқығына үміттенетін адам нотариаттық палатамен тағылымдамадан өту туралы шарт жасасады.

Жоғары заң білімі бар Қазақстан Республикасының азаматтары нотариустың тағылымдамадан өтушілері бола алады.

Бір нотариустан бір мезгілде екеуден аспайтын тағылымдамадан өтуші тағылымдамадан өте алады.

Тағылымдамадан өту Республикалық нотариаттық палатамен келісім бойынша Қазақстан Республикасы Әділет министрінің бұйрығымен бекітілетін тағылымдамадан өтушілерді кәсіптік даярлаудың бірыңғай бағдарламасы бойынша жүзеге асырылады.

Тағылымдамадан өту аяқталған соң нотариус тағылымдамадан өтушінің кәсіптік даярлау бағдарламасын орындағанын көрсететін қорытынды дайындайды, оны он жұмыс күні ішінде нотариаттық палата бекітеді.

Тағылымдамадан өту туралы қорытынды бекітілгеннен кейін ол үш жыл бойы жарамды болып табылады.

Терiс себептермен атқарып жүрген қызметінен босатылғандарды қоспағанда, мемлекеттік нотариустың жұмыс өтілі бар адамдар тағылымдамадан өтпейді.

2 қадам.

Нотариаттық қызметпен айналысу құқығына аттестаттаудан өту

Тағылымдамадан өткен және нотариаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды тестілеуден өткізу тәртібі мен шарттары Қазақстан Республикасы Әділет министрінің м.а. 2020 жылғы 28 мамырдағы № 62 бұйрығымен бекітілген «Нотариаттық қызметпен айналысу құқығына үміткер тұлғаларға аттестаттау жүргізу» мемлекеттік қызметті көрсету қағидаларымен айқындалады.

Нотариаттық қызметпен айналысу құқығына үміткер адам тағылымдамадан өткеннен кейін аттестаттауға жіберу туралы өтінішін тұрғылықты жері бойынша www.egov.kz, www.elіcense.kz «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы тиісті нотариаттық қызметпен айналысу құқығына әділет аттестаттау комиссиясына жолдайды.

Нотариаттық қызметпен айналысу құқығына аттестаттауға жіберу туралы өтінішке мынадай құжаттар қоса беріледі:

- нотариаттық қызметпен айналысу құқығына аттестаттаудан өту үшін мәліметтер нысаны;

- Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес заңгер мамандығы бойынша кемінде екі жыл жұмыс өтілін растайтын құжаттың электрондық көшірмесі.

Құжаттар тиісінше ресімделмеген не олардың толық топтамасы табыс етілмеген жағдайда, қайтару себебі туралы жазбаша хабарламамен ол түскен күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмейтін мерзімде үміткерге өзі ұсынған құжаттарымен бірге өтінішті қарамастан қайтарады.

Егер үміткер Заңда белгіленген талаптарға сәйкес келмесе, оны аттестаттауға жіберуден бас тартылады.

Аттестаттауға жіберуден бас тартылған жағдайда, өтініш түскен күннен бастап он бес жұмыс күнінен кешіктірмей дәлелді шешімді үміткерге жіберіледі.

Аттестаттауға жіберуден бас тартуға заңда белгіленген тәртіппен сотқа шағым жасалуы мүмкін.

Аттестаттауға жіберілген үміткер аттестаттаудың өтетін орны, күні, уақыты, тәртібі туралы оны өткізгенге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей жазбаша хабардар етіледі.

Нотариаттық қызметпен айналысу құқығына әділет аттестаттау комиссиясы аттестаттауды қажеттілігіне қарай, бірақ тоқсанына кемінде бір рет өткізеді.

 Аттестаттау екі кезеңнен тұрады:

1) Қазақстан Республикасының заңнамасын білуіне компьютерлік тест тапсыру;

2) емтихан билеттері бойынша ауызша тапсырманы орындау.

Үміткер өз таңдауы бойынша тестілеуден қазақ немесе орыс тілінде өтуге құқылы.

Тестілеу компьютерлік техниканы пайдалана отырып жүргізіледі.

Аттестаттау нәтижесі бойынша нотариаттық қызметпен айналысу құқығына әділет аттестаттау комиссиясы аттестатталғаны туралы не аттестатталмағаны туралы дәлелді шешімді аттестаттау өткен күннен кейінгі келесі күннен кешіктірмей шығарады.

Аттестатталғаны туралы комиссия шешімі ол шығарылған кезден бастап үш жыл бойы жарамды болып табылады.

Әдiлет аттестаттау комиссиясының шешіміне заңда белгіленген тәртіппен сотқа шағым жасалуы мүмкін.

Нотариаттық қызметпен айналысу құқығына әділет аттестаттау комиссиясы аумақтық әділет органында құрылады  және жеті мүшеден – нотариаттық палатаның төрағасын қоса алғанда екі нотариустан, аумақтық әділет органының екі өкілінен, құқықтанушы-ғалымнан және мәслихаттың екі депутатынан тұрады.

Нотариаттық қызметпен айналысу құқығына әділет аттестаттау комиссияларының дербес құрамы және олардың жұмыс регламенті Қазақстан Республикасы Әділет министрінің бұйрығымен бекітіледі.

Нотариаттық қызметпен айналысу құқығына әділет аттестаттау комиссиясы отырысының ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету мақсатында аудиожазба және (немесе) бейнежазба не стенографиялау жүзеге асырылады.

Аттестаттаудан өтуден босатылады:

1) Қазақстан Республикасының Әділет біліктілік алқасында немесе Қазақстан Республикасы Жоғары Сот кеңесі жанындағы Біліктілік комиссиясында біліктілік емтиханын тапсырған адамдар;

2) тұрақты судьялар және өз міндеттерін атқару кезінде теріс қылықтар жасағаны және заңдылықты бұзғаны үшін судьялық қызметінен босатылған судьяларды қоспағанда, тұрақты судья болып жұмыс істеген адамдар;

3) мемлекеттiк нотариустар.

3 қадам.

Нотариаттық қызметпен айналысу құқығына лицензия алу

Нотариаттық қызметпен айналысу құқығына лицензия беру мемлекеттік көрсетілетін қызмет болып табылады және оны Қазақстан Республикасының Әділет Министрлігі көрсетеді.

Нотариаттық қызметпен айналысу құқығына лицензия беру тәртібі Қазақстан Республикасы Әділет министрінің м.а. 2020 жылғы 28 мамырдағы             № 62 бұйрығымен бекітілген «Нотариаттық қызметпен айналысу құқығына лицензия беру» мемлекеттік қызметті көрсету қағидаларымен айқындалады.

Лицензия келесі санаттағы тұлғаларға беріледі:

  1. Нотариуста тағылымдамадан өткен және комиссияда аттестаттаудан өткен адамдарға;
  2. Қазақстан Республикасының Әділет біліктілік алқасында немесе Қазақстан Республикасы Жоғары Сот кеңесі жанындағы Біліктілік комиссиясында біліктілік емтиханын тапсырғандарға;
  3. Тұрақты судьялар және өз міндеттерін атқару кезінде теріс қылықтар жасағаны және заңдылықты бұзғаны үшін судьялық қызметінен босатылған судьяларды қоспағанда, тұрақты судья болып жұмыс істеген адамдарға;
  4. Мемлекеттік нотариустарға және мемлекеттік нотариус болып жұмыс істеген адамдарға.

 

«Нотариат туралы» Қазақстан Республикасының Заңы

«Нотариаттық қызметпен айналысу құқығына үміткер тұлғаларға аттестаттау жүргізу» мемлекеттік қызметті көрсету қағидасы.