БОРЫШКЕРДІҢ МҮЛКІНЕН ӨНДІРІП АЛУ.

БОРЫШКЕРДІҢ МҮЛКІНЕН ӨНДІРІП АЛУ.

Сот орындаушысы ҚР «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңының /әрі қарай-Заң/ талаптарына сәйкес атқарушылық құжатты орындау үшін барлық шараларды борышкердің заңмен қорғалатын құқықтарының бұзылуына жол бермей қолдануға міндетті.                         

Заңның 7 тарауында борышкердің мүлкінен өндіріп алу тәртібін реттейтін негізгі ережелер қамтылған.

Борышкердің мүлкінен өндіріп алу мүлікті алып қоюды және (немесе) оны мәжбүрлеп өткізуді не өндіріп алушыға беруді қамтиды.

Атқарушылық құжаттар бойынша өндіріп алу, егер атқарушылық құжатта өзгеше тәртіп белгіленбесе, бірінші кезекте борышкердің ақшалай сомасына, оның ішінде банктердегі және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардағы сомасына қолданылады.

Борышкердің бухгалтерлік (кассалық) құжаттар бойынша көрсетілетін қолма-қол ақша сомасынан өндіріп алу борышкердің келісіміне қарамастан, олардың сақталу орнына қарамастан, оларды ұсынғаннан немесе тапқаннан кейін дереу жүргізіледі. Борышкердің қолма-қол ақша сомалары, оның ішінде борышкер кассасының сейфтерінде сақталатын және осы кассаның оқшауланған үй-жайында немесе борышкердің өзге де үй-жайларында орналасқан қолма-қол ақша сомалары, егер олардың борышкерге тиесілігі туралы анық белгілі болса, олар табылғаннан кейін дереу алып қойылуға тиіс.

Борышкерде берешекті өтеу үшін жеткілікті ақша сомасы болмаған кезде, өндіріп алу борышкерге тиесілі басқа мүлікке қолданылады. Сот орындаушысы өндіріп алушының немесе бір кезектегі өндіріп алушылардың және борышкердің жазбаша келісуімен мүлікті алдын ала бағалап, осы Заңның 68-бабына сәйкес, оны өткізбей, сол қалпында өндіріп алушыға немесе бір кезектегі өндіріп алушыларға беруге құқылы.

Борышкердің іздеу салуда болуы оның мүлкінен өндіріп алуға кедергі болып табылмайды.
           Атқарушылық құжатта көрсетілген белгiлi бiр заттарды өндiрiп алушыға берген кезде сот орындаушысы бұл заттарды борышкерден алып қойып, оларды өндiрiп алушыға өткізу актiсiн жасай отырып бередi.

Борышкердің банктердегі және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардағы, сақтандыру ұйымдарындағы ақшасына, сондай-ақ жалақысына және борышкердің кірістерінің өзге де түрлеріне өндіріп алуды қолдануды қоспағанда, борышкердің мүлкіне, оның ішінде ортақ мүліктегі үлесіне өндіріп алуды қолдануды сот орындаушысы прокурор санкциясымен жүзеге асырады.

Ақтөбе облысы

әділет департаментінің

баспасөз қызметі