Атқарушылық іс жүргізу тараптарының құқықтары мен міндеттері.

Атқарушылық іс жүргізу тараптарының құқықтары мен міндеттері.

«Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңының (бұдан әрi - Заң) 2 - бабына сәйкес, атқарушылық iс жүргiзудiң мiндеттерi — сот қаулыларының, азаматтық және әкімшілік істер бойынша ұйғарымдардың, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша нұсқаулар мен қаулылардың, қылмыстық істер бойынша мүліктік жазалау туралы үкімдер мен қаулылардың, сондай-ақ осы Заңға сәйкес өзге де органдардың қаулыларының негізінде шығарылған атқарушылық құжаттар бойынша уақтылы мiндеттi түрде  мәжбүрлеп орындауға бағытталған шараларды қабылдау.         Заңның 14 – бабымен атқарушылық іс жүргізудің тараптары, оның ішінде  өндіріп алушы және борышкер (жеке немесе заңды тұлға) құқықтары мен міндеттері анықталған.         Осы Заңның 16 - бабында атқарушылық іс жүргізу тараптарының құқықтары мен міндеттерінің шеңбері айқындалған.         Осы баптың ережелеріне сәйкес тараптар атқарушылық іс жүргізу материалдарымен, оның ішінде электрондық нысанда танысуға, олардан үзінді көшірмелер жасауға, көшірмелер жасауға, қосымша материалдар беруге, өтінішхаттар беруге, атқарушылық әрекеттерді жасауға қатысуға, атқарушылық әрекеттерді орындау барысында ауызша және жазбаша түсініктемелер беруге, атқарушылық іс жүргізу кезінде туындайтын барлық мәселелер бойынша өз уәждері мен пікірлерін білдіруге, атқарушылық іс жүргізуге қатысушы басқа тұлғалардың дәлелдеріне және өтініштеріне қарсылық білдіруге, даулар беруге, атқарушылық іс жүргізу мәселелері бойынша сот орындаушысының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) немесе шешімдеріне шағым жасауға, сотқа жүгінуге; бітімгершілік келісімін бекітуге құқылы.         Тараптар өздеріне берілген барлық құқықтарды адал пайдалануға, сондай-ақ осы Заңның талаптарын сақтауға міндетті.         Бұл ретте борышкер осы мән - жайлар туындаған кезден бастап жұмыс орнының, тұрғылықты жерінің және орналасқан жерінің өзгергені, сондай-ақ жаңа кірістер мен мүлік көздерінің пайда болғаны туралы сот орындаушысына үш жұмыс күні ішінде жазбаша хабарлауға, сондай-ақ атқарушылық іс жүргізу аяқталғанға дейін айына бір рет, сондай-ақ сот орындаушысының алдына шақырылған жағдайларда келуге міндетті.. Сонымен қатар, келмеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.         Жоғарыда айтылғандардан басқа борышкер сот орындаушысының талабы бойынша оған өзінің мүлкі туралы мәліметтерді беруге, сондай-ақ кіріс көздері туралы мәліметтерді беруге міндетті. Берілген мәліметтерде борышкер өзіне тиесілі барлық мүліктік талаптардың негіздерін де көрсетуге міндетті. Осы бапта көрсетiлген мәлiметтердi беруден бас тарту не көрiнеу жалған мәлiметтердi ұсыну атқарушылық құжатты орындамау болып табылады.         Заңның 18 - бабында тараптардың өкілдерінің атқарушылық іс жүргізуге қатысуы көзделген. Осы баптың 1 - тармағында жеке тұлғалардың атқарушылық іс жүргізуге дербес немесе өкілдері арқылы қатыса алатыны көрсетілген. Жеке тұлғаның атқарушылық іс жүргізуге жеке қатысуы оны өкіл болу құқығынан айырмайды.         Алайда, егер атқарушылық құжатқа сәйкес борышкерге ол тек жеке өзі орындай алатын міндеттер жүктелсе, онда оларды орындау кезінде борышкер өкіл арқылы әрекет етуге құқығы жоқ.