Тақырып «Қоғамдық бірлестікті құру»

Тақырып «Қоғамдық бірлестікті құру»

Қазақстан Республикасында саяси партиялар, кәсіптік одақтар және азаматтардың ортақ мақсаттарға жету үшін ерікті негізде құрылған, заңдарға қайшы келмейтін басқа да бірлестіктері қоғамдық бірлестіктер деп танылады. Қоғамдық бірлестіктер коммерциялық емес ұйымдар болып табылады.

       «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Заңының 4 бабына сәйкес, коммерциялық емес ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларды

мемлекеттік тіркеуді және олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеуді әділет органдары жүзеге асырады.

       Қазақстан Республикасында республикалық, аймақтық және жергілікті қоғамдық бірлестіктер құрылып, жұмыс істеуі мүмкін.

        Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жартысынан астамының аумағында өздерінің құрылымдық бөлімшелері (филиалдары мен өкілдіктері) бар бірлестіктер республикалық қоғамдық бірлестіктерге жатады.

     Облыстардың, республикалық  маңызы бар қалалардың және астананың жартысынан азының аумағында өздерінің құрылымдық бөлімшелері (филиалдары мен өкілдіктері) бар бірлестіктер аймақтық қоғамдық бірлестіктерге жатады.

       Жергілікті  қоғамдық бірлестіктерге    бір облыс, республикалық  маңызы   бар қала және астана шегінде жұмыс істейтін бірлестіктер жатады.

        Республикалық, аймақтық қоғамдық бірлестіктерді, шетелдік және халықаралық коммерциялық емес үкіметтік емес бірлестіктердің құрылымдық бөлімшелерін (филиалдары мен өкілдіктерін) мемлекеттік тіркеуді Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі жүзеге асырады.

     Жергілікті қоғамдық бірлестіктерді, филиалдар мен өкілдіктерді мемлекеттік тіркеуді аумақтық Әділет органдары жүзеге асырады.

        «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бірлестіктер және еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2023 жылғы 21 желтоқсандағы Заңға сәйкес, «Қоғамдық бiрлестiктер туралы» Заңының 10 бабына өзгерістер енгізілді, енді Қоғамдық бірлестіктер Қазақстан Республикасы азаматтарының кемінде үш адамнан тұратын тобының бастамасы бойынша құрылады (бұрын он адамнан кем болмады).

        Қоғамдық бірлестікті тіркеу үшін ол құрылған күннен бастап екі ай мерзім ішінде тіркеуші органға өтініш беріледі. Өтінішке құрылтай съезінде (конференциясында, жиналысында) қабылданған Жарғы; съездің (конференцияның, жиналыстың) төрағасы мен хатшысы қол қойған Жарғыны қабылдаған құрылтай съезінің (конференциясының, жиналысының) хаттамасы; тегін, атын, әкесінің атын (бар болған жағдайда), ЖСН, тұрғылықты жерін, үй-жайын көрсете отырып, қоғамдық бірлестіктің бастамашы азаматтарының тізімі; қоғамдық бірлестіктің орналасқан жерін растайтын құжат; мемлекеттік тіркеу үшін алымның бюджетке төленгенін растайтын түбіртек немесе өзге де құжат қоса жалғанады.

       Тіркеу алымының сомасы  "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық Кодексі)" Қазақстан Республикасының Кодексінде белгіленген мөлшерлемелер бойынша есептеліп және 6,5 АЕК (23998 тг) құрайды.

       Балалар мен жастардың қоғамдық бірлестіктерін, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктерін мемлекеттік тіркегені үшін 2 АЕК (7384 тг) құрайды. 

Ақтөбе облысы

әділет департаментінің

баспасөз қызметі