Аймақтық нормашығармашылық - құқықтық реттеу жүйесінде маңызды орын алады. Соңғы жылдары Әділет министрлігі нормашығармашылықтың сапасын арттыру мақсатында нормативтік құқықтық актілерді (бұдан әрі - НҚА) мемлекеттік тіркеу саласында ауқымды реформалар жүргізді.
2023 жылғы 19 сәуірдегі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасындағы әкімшілік реформа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңын іске асыру мақсатында нормашығармашылық процесін реттейтін нормативтік құқықтық актілер Үкімет қаулысы деңгейінен бұйрық деңгейіне түсіріліп, қайта бекітілді.
Бұл жолы да бірқатар жаңа өзгерістер орын алды.
Атап айтқанда, Мемлекеттік тіркеуге жатпайтын нормативтік құқықтық актілердің тізбесіне 2023 жылғы 26 маусымда өзгерістер енгізіліп, мемлекеттік тіркеуге жатпайтын актілердің қатарына:
- әкімшілік-аумақтық бірлікке, құрамдас бөліктерге атау беру және оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту туралы нормативтік құқықтық актілер;
- ҚР азаматтарының жекелеген санаттарына амбулаториялық емдеу кезінде тегін және (немесе) жеңілдікті шарттармен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін, оның ішінде дәрілік заттарды, арнайы емдік өнімдерді, медициналық бұйымдарды қосымша беру туралы жергілікті өкілді органдардың нормативтік құқықтық актілері;
- тиісті қағидалар, әдістемелер не басқа нормативтік құқықтық актілер негізінде айқындалатын квоталарды, лимиттерді, бағаларды, тарифтерді, тарифтік мөлшерлемелерді, нормаларды, нормативтерді, өлшемдерді, оның ішінде олардың шекті не ең төменгі мәндерін бекіту (айқындау, белгілеу) туралы нормативтік құқықтық актілері;
- мемлекеттік білім беру тапсырысын бекіту, бөлу және орналастыру бойынша нормативтік құқықтық актілері кірді.
Бұдан басқа, Нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, келісу және мемлекеттік тіркеу қағидаларына НҚА жобасын әділет органдарына енгізгенге дейін барлық кезеңдерден 10 күндік мерзімде өтуге мүмкіндік берілгені және жобаға қатысты түсініктеме жазбасының нысаны өзгертілгенін атап өту қажет.
Ашық нормативтiк құқықтық актiлердiң интернет-порталында заңға тәуелді нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын орналастыру және жария талқылау қағидаларына сәйкес қоғамдық кеңестің ұсынымдары және (немесе) сараптама қорытындылары енді жобаға қоса Ашық НҚА порталында электронды түрде орналастырылады.
Осылайша, қабылданып жатқан шаралар нормашығармашылықтың, оның ішінде аймақтық нормашығармашылықтын сапасын арттыруға мүмкіндік береді.