Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінен

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың Қазақстан  Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысында  сөйлеген сөзінен

1. «Әлеуметтік әділеттілік маңызды мәселе болып табылады. Конституция бойынша Қазақстан – әлеуметтік мемлекет.

Мемлекет тарапынан жасалып жатқан жұмыстар аз емес. Республикалық бюджет шығыстарының 50% – дан астамы – әлеуметтік сипаттағы шығыстар. Бірақ бұл жеткіліксіз.

Бізде Ұлттық қор бар – бұл елдің қаржылық тірегі.

Бүгін мен «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қор құруды тапсырамын.

Ол денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау салаларындағы нақты мәселелерді шешумен айналысатын болады».

2. «Мен «Президенттік Жастар кадрлық резерві» жобасына бастамашы болдым. Бұл перспективті жастар үшін әлеуметтік лифт және сонымен бірге жаңа ойлауды қалыптастыру, мемлекеттік аппарат жұмысына жаңа тәсілдерді енгізу тетігі. Бұл тәжірибе жалғасатын болады.

Менің тапсырмама сәйкес өткен жылы мемлекеттік аппараттың саны 15% - ға қысқарды.

Мемлекеттік аппарат реформалардың қозғаушысы және орындаушысы болып табылады, азаматтарға маңызды мемлекеттік қызметтер көрсетеді, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іске асырылуын қамтамасыз етеді.

Үкімет мүшелері өңірлерге тұрақты түрде баруға тиіс, ал өңірлердің әкімдері әрбір елді-мекеннің тұрғындарымен тұрақты кездесулер өткізуге міндетті».

3. «Қазақстан өңірлерінің біркелкі дамымағаны баршаға мәлім.

Диспропорция әлеуметтік тұрғыда ыңғайсыздықты, көші-қон мәселелерінің өсуінің алғышарттарын қалыптастырады.

Соңғы оқиғалар батыс және оңтүстік аймақтарда жұмыспен қамтудың өткір проблемасын көрсетті. Онда бала туу деңгейі жоғары, ал экономика халықты жұмыс орындарымен қамту мәселесімен үлгермейді.

Сондықтан жүйелі индустрияландыру, ШОБ-қа жәрдемдесу, осы салалардағы көрсетілетін қызметтер секторын дамыту өңірлік емес, ұлттық басымдық болып табылады.

Біз дамудың мәдени, білім беру компоненті туралы ұмытпауымыз керек.

Білімді азаматтардың ел ауқымында бәсекеге қабілетті, табысқа жету және лайықты өмір сүру мүмкіндігі жоғары.

Үкіметке осы өңірлер үшін «Ауыл – Ел бесігі», «Бизнестің жол картасы» бағдарламалары шеңберінде басқа да жекелеген бағыттар әзірлеуді тапсырамын».

4. «Жоғары оқу орындарының, колледждердің түлектерінің, әсіресе білімі жоқ жастардың тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналасу мүмкіндігі шектеулі. Мұны біз жақсы білеміз. Кездейсоқ табыстармен өмір сүреді.

Кейбіреулер табыс іздеп заңды кесіп өтуі мүмкін.   

Үкіметке «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» жобаларына қатысу ұзақтығы мен еңбекақы мөлшерін ұлғайту мүмкіндігін қарастыруды тапсырамын.

Жастардың және халықтың осал топтарының іскерлік бастамаларын іске асыру үшін жағдай жасау маңызды.

Үкіметке тиісті грантты екі есе 400 АЕК-ке дейін ұлғайту мүмкіндігін пысықтау тапсырылады».

5. «Сапалы білімге қолжетімділікті арттыру сөзсіз басымдық болып табылады.

Бұл бүкіл қоғамның дамуындағы маңызды фактор.

Мектептерді материалдық жағынан қаншалықты қамтамасыз етсек те, жақсы мұғалімдерсіз білім сапасын көтеру мүмкін емес.

Сондықтан мұғалімдер тапшы өңірлер үшін қолдау шараларының тиісті пакетімен үздік педагогтерді тартудың арнайы бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын».

6. «Елдің халық тығыз орналасқан өңірлерінен келген жастар үшін мақсатты гранттар бөлуге ерекше назар аудару қажет.

Жаңа экономика құру үшін жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру маңызды.

Жақында Қазақстанда шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының филиалдары ашыла бастады. Жақын арада Ресейдің озық техникалық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жоспарлануда.

2025 жылға қарай елімізде беделді шетелдік университеттердің кемінде 5 филиалын ашу қажет деп санаймын.

Бұл ретте техникалық бағыттағы ЖОО-ның екі филиалын еліміздің батысында ашу қажет.

Жалпы, бәріміз білімге деген көзқарасты өзгертуіміз керек. Гуманитарлық мамандықтарға әуестену кезеңі өтті, техникалық мамандықтарға басымдық беру керек. Инженерлер мен өнеркәсіпшілердің жаңа буынын өсіру керек».