Қалай жеке сот орындаушы болуға болады?

Қалай жеке сот орындаушы болуға болады?

Қалай жеке сот орындаушы болуға болады?

Атқарушылық құжаттарды орындау бойынша жеке практикамен айналысатын Қазақстан Республикасының азаматы жеке сот орындаушы болып табылады.

Жоғары заңгерлік білімі бар, жеке сот орындаушысы лицензиясын алған және Республикалық палатаға кірген Қазақстан Республикасының азаматы жеке сот орындаушы бола алады.

Мына адамдар:

      1) Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулi деп танылған;

      2) заңда белгiленген тәртiппен жойылмаған немесе алынбаған сотталғандығы бар;

       3) Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексiнiң 35-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының және 36-бабының негiзiнде қылмыстық жауаптылықтан босатылған, мұндай оқиғалар болғаннан кейiн үш жыл iшiнде;

      4) теріс себептермен мемлекеттік, әскери қызметтен, прокуратура органдарынан, өзге де құқық қорғау органдарынан, Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарынан шығарылған адам шығарылған күннен бастап бір жыл ішінде;

       5) "Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 34-бабы 1-тармағының 11) және 11-1) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша судья лауазымынан босатылған адам босатылған күннен бастап бір жыл ішінде;

      6) жеке сот орындаушысының өкілеттіктерін бергенге дейін үш жыл ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін сот тәртібімен әкімшілік жазаланған;

      7) психикалық, мінез-құлықтық, оның ішінде психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты бұзылушылықтарының (ауруларының) себебі бойынша психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымдарда есепте тұрған;

       8) осы Заңның 144-бабының 2-тармағында көзделген негіздер бойынша жеке сот орындаушысының лицензиясынан айырылған адам сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап үш жыл ішінде жеке сот орындаушысы бола алмайды.

Жеке сот орындаушысының лицензиясын алу үшін жеке сот орындаушыда тағылымдамадан өту және біліктілік емтиханын тапсыру қажет.

Тағылымдамашылар кемінде үш жыл сот орындаушысының жұмыс өтілі бар жеке сот орындаушыларында тағылымдамадан өтеді. Жеке сот орындаушылары тағылымдамашыларының тағылымдамадан өту тәртібі, мерзімдері мен шарттары Республикалық палатамен келiсу бойынша уәкілетті орган бекітетін жеке сот орындаушысында тағылымдамадан өту тәртібі туралы қағидаларда айқындалады.

Жеке сот орындаушысының тағылымдамашысы мен көмекшісінің құқықтары және міндеттері еңбек шартында айқындалады.

Тағылымдамадан сәтті өткеннен кейін келесі кезең аттестаттаудан өту болып табылады.

Бүгінгі күні Қазақстан Республикасы Әділет Министрінің 2023 жылдың 26 мамырдағы № 344 және Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі Министрінің м.а. 2023 жылғы 27 мамырдағы № 115/НҚ бірлескен бұйрығы негізінде жеке сот орындаушысы қызметімен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттаудан өткізу аттестаттау автоматтандырылған режимде өтуде.

Аттестаттаудың ауызша комиссиялық сұхбаттасу түрінде өтетін екінші кезеңі ситуациялық кейстік сұрақтарға алмастырыла отырып Тестілеу операторының техникалық жабдықталған тестілеу залдарында өткізіледі.

Сондай-ақ тағылымдамадан және аттестаттаудан өтпестен жеке сот орындаушысы  болуға болады.

Осылайша, аттестаттаудан және тағылымдамадан өтуден босатылатын тұлғалар:

1) Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Біліктілік комиссиясында біліктілік емтиханын тапсырған, сотта тағылымдамадан ойдағыдай өткен және облыстық немесе оған теңестірілген соттың жалпы отырысының оң пікірін алған адамдар;

2) судьялар, сондай-ақ "Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 34-бабы 1-тармағының 1), 2), 3), 9), 10) және 12) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша судья өкілеттігін тоқтатқан адамдар;

3) прокурор немесе тергеуші лауазымында кемінде бес жыл жұмыс істеген адамдар;

4) атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік органдарда кемінде екі жыл жұмыс істеген адамдар.

Жеке сот қызметін лицензиялауды Қазақстан Республикасының Әділет Министрлігі жүзеге асырады. Аталған қызмет түріне лицензия мерзімсіз болып табылады.

 

Сот орындаушыларының

қызметін реттеу

және бақылау бөлімі