1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні

    1 мамыр –  Қазақстан халқының бірлігі күні. Аталмыш мереке елімізде 1996 жылдан бастап тойланып келеді. Сонау 1995 жылдың 18 қазанында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жарлығымен 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні ретінде жарияланған болатын.

        Бүгінде еліміздің кең байтақ жерінде 130-дан астам әр түрлі ұлт өкілдері мекен етеді. Сондықтан да 1 мамыр – халқымыздың бірлігі күні болып есептелеуі бекер емес.

         Еліміздің халқы үшін бұл күн маңызды мерекелердің бірі болып табылады. 1 мамыр күні еліміздің барлық өңірлерінде түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің ұйымдастыруымен мерекелік іс-шаралар өткізіледі, бұл дегеніміз – олардың бір шаңырақ астында тату-тәтті, береке мен бірлікте, бейбітшілік пен ынтымақтастықта өмір сүріп жатқандағының анық айғағы. Сонымен қатар, аталмыш іс-шаралардың басты мақсаты, ел ішіндегі түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің бір-біріне деген сыйластығын арттырып қана қоймай, бірлік пен татулықты насихаттау болып табылады.

        Қазақстан Республикасы Президентiнiң жарлығымен 1995 жылдың наурыз айында Қазақстан халқының Ассамблеясы құрылған болатын. Бұл әлемде болмаған ерекше, саяси маңызды құрылым.

        Қазақстан халқы Ассамблеясы қазіргі таңда барлық ұлттардың мүддесін ортақ қазақстандық мүддеге айналдыруды, ұлттық ерекшеліктеріне қарамастан барлық азаматтардың құқығы мен еркіндігін сақтауды қамтамасыз ететін қоғамдық институт ретінде қалыптасты.

       Ағымдағы жылы 1 мамыр – Қазақстан халқы бірлігінің күнін мерекелеу еліміздің Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерейтойымен тұспа-тұс келуде.

         Бүгінде тәуелсіз мемлекетте өмір сүріп жатқан әрбір ұлт өкіліне салт-дәстүрлерін жаңғыртуға, мәдениетін дамытуға, тілінің жетілуіне еркіндік берілген. Осының барлығы Елбасының қоғамдағы азаматтық ынтымақтастық пен ішкі саяси тұрақтылығын сақтаудың дұрыс стратегиясының және ұлтаралық қатынастарды реттеудің тиімді тетіктерін орната білудің арқасында болып отыр.

         Қоғамдық келісімді бұдан әрі қарай нығайту еліміздің қалыпты дамуы мен әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кірудің үстеме міндеттерін шешудің негізі болып табылады.

 

 

Ақмола облысының

Әділет департаменті

әкімшілік бөлімінің

жетекші маманы  

А.Қ. Жангулина