Заң ғылымының заңғары

Заң ғылымының заңғары

Салық Зимановтың халқының ардақты ұлы екендігін Ұлы Отан соғысында халқы мен отаны үшін аянбай соғысуынан байқауға болады. Соғыста түрлі майдандарға қатысу оның тағдырына жазылыпты. Ол Оңтүстік Кавказ, Солтүстік Кавказ, Степной, Воронеж, 2-ші Украин, 2-ші Беларус майдандарына қатысып, соғысты Берлин түбінде аяқтаған. Өзінің майданда көрсеткен ерекше қабілеті, батылдығы мен батырлығының арқасында қатардағы жауынгерден гвардия майоры атағына дейін жетіп, майданнан 1949 жылы маусымда қайтқан.

Салық Зимановтың майдандағы ержүректігі мен батырлығы оның майдандасы подполковник Н. Брайконың естелігінен көрініс тапқан. Ол майданда жас қазақ жігіті гвардия майоры С. Зимановтың қақтығыстардың бірінде ерекше батырлық көрсеткендігі туралы жазады. С. Зимановтың сол сәттегі ержүректік көрсетіп, жаудың күшін әлсірету үшін жасаған амалы және өз басын үлкен қатерге қоюы майдандастарын таң қалдырды.

Соғыс кезінде төрт рет жарақаттанған. Екі рет І дәрежелі Отан соғысы орденімен, Қызыл Жұлдыз орденімен, «Кавказды қорғағаны үшін» және «Кенигсбергті алғаны үшін» медальдарымен марапатталған.

Салық Зимановтың Бүкілодақтық заң институтында жоғары заң білімін алып (1948), ғылыми жолға түсуі оның ерекше шығармашылық қабілетін көрсетіп, ғалым ретіндегі бейнесін суреттейді. Бүгінде С. Зимановтың «қазақстандық заң ғылымының атасы» екендігінде ешкімнің күмәні жоқ. Ол Мәскеуде КСРО Ғылым академиясының Құқық институтында ғылыми-ізденушілік жұмыстарын жүргізіп, 1950 жылы «Бөкей Ордасының қоғамдық-саяси құрылысы» атты тақырыбында заң ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесіне диссертациялық жұмысын сәтті қорғап шықты. Қазақтың саяси-құқықтық ілімдерінде бұл жұмыстың маңызды орын алатынын сол кезде де және бүгінде де ғалымдар мойындайды.

Үлкен ғылыми жолға куәлік алған жас ғалым үздіксіз ізденушілік жұмыспен айналысып, «Қазақстанның қоғамдық-саяси құрылысы» тақырыбында заң ғылымының докторы ғылыми дәрежесіне диссертациялық жұмысты сәтті қорғап шықты. Нәтижесінде ол заң ғылымдарының докторы дәрежесін иеленген алғашқы қазақ болып шықты. Өзінің отандық заң ғылымына қосқан қомақты үлесі үшін С. Зиманов 1967 жылы ҚазКСР Ғылым академиясының академигі атағын иеленді. Мұндай атаққа ие болу С. Зимановтың заң ғылымының шыңына жеткендігін, ғалым ретінде толық қалыптасып, мемлекет пен қоғам тарапынан мүлтіксіз танылғандығының белгісі еді.

 Академик С. Зимановтың қазақстандық заң ғылымына қосқан үлесі шексіз деп айтсақ, қателеспегеніміз. Ол қазақ халқының байырғы әдет құқығын, мемлекеттік және құқықтық жүйесін зерттеп, билер мен шешендердің билік өнерін бүгінгі ұрпаққа жеткізген ғалым. Өзінің ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу барысында бірнеше буын ғалымдарды дайындады.

 Ғалым ағамыз қазақтың әдет құқығының тарихи дамуын зерттей келе, соның ішінде билер сотының қызметіне аса мән беріп, терең зерттеулер жүргізіп, аталмыш институттың маңыздылығын ашады. Қазақтың билер сотының теңдесі жоқ институт екендігін дәлелдей келе, келесідей пікір айтады: «Бір жағынан, қоғамдық құрмет пен мәртебенің шыңында тұрған кезде «билер соты» ұғымы кез келген күрмеулі істің ақиқатын табу және сот кесімінің негізі – әділдікке қол жеткізу түсінігімен тең тұратын.

 Сондай-ақ, билерден сот әділдігін жүзеге асыру үшін даналық, шешендік, өз теңдес бәсекелестерімен тең дәрежеде сұхбаттасу, тарихтағы түрлі әдет-ғұрыптық, соттық-оқиғалық нормалардан хабардар болу, хандар енгізген заңдарды білу талап етілген. Билер соты институтына арналған түрлі еңбектерінде ұлы ғалым қазақтың би-қазылары ешкімге тәуелді болмаған, оларды ешкім сайламаған, төрелік айтатын адамды дауласушылар өздері таңдап, оның әділ шешіміне жүгінген.

 Қазақтың билер сотын терең зерттей келе, ғалым бұл институттың бүгінгі сот жүйесіне үлгі етерлік тұстары көп екендігін айтады. С. Зиманов қазақтың билер сотын тарихи және теориялық тұрғыдан зерттеудің нәтижесінде бірқатар ғылыми еңбектер жариялап, онда бүгінгі ұрпақ білмейтін билік өнеріне қатысты көптеген қазақтың мақал-мәтелдерін, әңгімелер мен оқиғаларды жарыққа шығарды. Билер сотына қатысты зерттеулерінің нәтижелері «Қазақтың билер соты – бірегей сот жүйесі» атты жеке еңбегінде, «Қазақтың ата заңдары» атты 10-томдық еңбектерінде және өзге де жекелеген мақалаларында кеңінен қарастырылған.

Кеңес Одағы тұсында, Қазақстанның егеменді ел болып шыққалы бері мемлекеттің Конституциясы мен қолданыстағы заңдарын қабылдау және жетілдіру мақсатындағы рөлі ерекше. Республика Жоғарғы Кеңесінің депутаты және заңгер-ғалым, Комитеттің төрағасы және Жоғарғы Кеңес Төралқасының мүшесі бола отырып, С. Зиманов түрлі материалдарға қол жеткізіп, биліктің жоғары деңгейіндегі отырыстары мен талқылауларына қатысқан. Ол жаңа Конституцияның жобасына қатысты сараптама тобының жетекшісі, Конституциялық комиссияның мүшесі (1992-1993 жж.), Қазақ КСР мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның жобасын дайындау жөніндегі жұмыс топтарының төрағасы, сонымен қатар Парламенттің бірқатар заң шығарушы комиссияларының мүшесі болған.

Егеменді ел болып, жаңадан бөлініп шыққан кездері академик С. Зимановтың «Қазақстан ішкі ұйымдастырылуы бойынша күшті мемлекетке айналуы үшін ондаған жылдар қажет, ал президенттік билікті күшейту күттірмейтін жағдай» деген ойлары өз өміршеңдігін дәлелдеді. Халықпен сайланатын президент және президенттік басқару нысанындағы республиканың қалыптасуы, үкіметтің президентке тікелей бағынысты болуы Қазақстан үшін тиімді екендігін айтқан болатын. Академиктің бұл идеяларының дұрыстығын мемлекеттік билік пен басқарудың бүгінгі күнгі тәжірибесі дәлелдеді. Бұл жағдай С. Зимановтың мемлекеттің саяси-құқықтық жағдайын танып-білуде, болжауда аса көрегендігінің және теориялық базасы жоғары екендігінің белгісі.

Жоғары оқу орындарында, ғылыми ұйымдарда басшы, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Консультативтік кеңестің, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық кеңесінің мүшесі, Қазақстан Республи­касы Жоғарғы Кеңесінің депу­таты атанған жылдарында да туған тіліміз бен төл мәдениетіміздің тынысын кеңейтуге, еліміздің ырысын көбейтуге еңбек сіңірді. Халық арқалатқан аманатқа адал болып, жас мемлекетіміздің қанатының кең жаюына елеулі үлес қосты.

Ата Заңымыздың негізін қаласып, заңдылықтың салтанат құруына атсалысты. Тәуелсіздіктің алғашқы қиын да жа­уапты жылдарында Мемлекет басшысының қасында болып, азаттыққа жаңа қол жеткізген. Отанымыздың өркендеуіне бағыт-бағдар берді, ұлт зиялыларының өнегесімен халыққа шынайы қызмет етті. Білікті заңгер маман ретінде егемендік, тәуелсіздік жолын­дағы Қазақстанның халықаралық қатынастарын заңдастырып, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру, президенттік басқару институтын енгізу, құқықтық-демократиялық реформаларды жүргізу ісіне белсене араласты.

Қазақстан мемлекеті мен құқығының тарихын, ұлттық мемлекет құрылымының теориялық мәселелерін зерттеуде жаңа ғылыми бағыт қалыптастырып, әділ сотты қамтамасыз ету үшін республикада сот мүшелерінің қатысуымен «билер алқасын» енгізуге басшылық жасады.

С. Зиманов қоғамға сіңірген ең­бегі үшін Қазақстан Респуб­лика­сы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Президенттік бейбітшілік пен рухани келісім сыйлығының иегері атанып, «Қызыл жұлдыз», «Отан», «Парасат» ордендерімен, басқа да медальдармен марапатталды. Салық Зимановтың еліміздің еңселі, тәуелсіздігіміздің тұғырлы, келешегіміздің кемелді болуына сіңірген еңбегі өлшеусіз.

Ірі қоғам қайраткерінің, ғалымның, аяу­лы азаматтың өшпес мұрасы ел тарихынан өзіндік орын алып, бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады.

 

 

Т. Берлібекова

Ақмола облысы

Әділет департаменті

құқықты түсіндіру және

халыққа заң көмегін көрсету

бөлімінің бас маманы