Мемлекет басшысы атқарушылық іс жүргізу жүйесін одан әрі жетілдіруге және азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған Заңға қол қойды

Мемлекет басшысы атқарушылық іс жүргізу жүйесін одан әрі жетілдіруге және азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған Заңға қол қойды
Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Қабылданған Заң атқарушылық іс жүргізу жүйесінің тиімділігін одан әрі арттыруға, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау кепілдіктерін нығайтуға, мемлекеттік бақылау тетіктерін жетілдіруге, сондай-ақ сот орындаушыларының жауапкершілігін күшейтуге бағытталған.
Құжат сот актілерінің әділ әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз етуге, азаматтар үшін әкімшілік кедергілерді азайтуға және мәжбүрлеп орындату рәсімдерінің ашықтығын арттыруға бағдарланған кешенді шараларды көздейді.
Заңның негізгі жаңалықтарының қатарында:
– ұсыну мерзімі өткен атқарушылық құжаттар бойынша мәжбүрлеп орындатудың барлық шараларын автоматты түрде тоқтату тетігін енгізу;
– оңайлатылған атқарушылық іс жүргізуді қолдану аясын кеңейту мақсатында оның шекті мөлшерін 20 айлық есептік көрсеткіштен 40 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайту;
– қызметін жүзеге асырып жүрген жеке сот орындаушыларын олардың кәсіби құзыреттілігін бағалаудың қосымша құралы ретінде аттестаттауды енгізу;
– заңнамада көзделген жағдайларда уәкілетті органға жеке сот орындаушысының лицензиясынан айыру жөніндегі өкілеттікті беру;
– бақылау іс-шараларының нәтижелері бойынша аумақтық әділет органдарына жеке сот орындаушыларының атына ұсынымдар енгізу құқығын беру;
– сот орындаушыларының әрекеттері мен шешімдеріне шағым жасаудың міндетті сотқа дейінгі тәртібін енгізу;
– атқарушылық іс жүргізудің сапасы мен тиімділігін арттыруға бағытталған өзге де құқықтық тетіктерді жетілдіру.
Заң нормаларын іске асыру атқарушылық іс жүргізуге қатысушылардың құқықтарын қорғау деңгейін арттыруға, сот орындаушылары қызметіндегі заңдылық пен тәртіпті нығайтуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасында сот актілерін мәжбүрлеп орындатудың заманауи әрі тиімді жүйесін одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.