
Мемлекет кепілдік берген заң көмегі – бұл Қазақстан Республикасының «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңына және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес, оны алуға құқығы бар жеке және заңды тұлғаларға тегін негізде көрсетілетін заң көмегі.
Мемлекет кепілдік берген заң көмегі құқықтық кеңес беру түрінде келесі санаттағы азаматтарға көрсетіледі:
- жасына байланысты зейнеткерлерге,
- I және II топтағы мүгедектігі бар адамдарға,
- Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне және оларға теңестірілген адамдарға,
- басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне,
- кәсіпкерлік қызметке байланысты емес мәселелер бойынша көпбалалы отбасыларға,
- кәсіпкерлік қызметке байланысты емес мәселелер бойынша аз қамтылған адамдарға,
- алимент өндіру, зейнетақы мен жәрдемақылар тағайындау, оңалту, босқын немесе қандас мәртебесін алу мәселелері бойынша, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандарға,
- жыныстық зорлық-зомбылық, адам саудасы, терроризм актісі құрбандарына немесе азаптауға ұшыраған адамдарға – олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелері бойынша,
- асыраушысынан айырылуына байланысты келтірілген зиянды өтеу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға,
- еңбек қызметіне байланысты денсаулығына келтірілген зиянды немесе қылмыстық құқық бұзушылық салдарынан келтірілген зиянды өтеу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға.
Мемлекет кепілдік берген заң көмегі жеке тұлғалардың мүдделерін қорғау және өкілдік ету түрінде соттарда, қылмыстық қудалау органдарында, өзге де мемлекеттік органдарда және мемлекеттік емес ұйымдарда келесі тұлғаларға көрсетіледі:
• әкімшілік жауаптылыққа тартылып жатқан тұлғаға,
• Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасына сәйкес талапкерге немесе жауапкерге және Қазақстан Республикасының әкімшілік сот ісін жүргізу туралы заңнамасына сәйкес талапкерге,
• күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға, сотталғанға, ақталғанға, жәбірленушіге.
#тегіңзаңкөмегі