2026 жылдың 3 маусымында ҚР Парламентінің Мәжілісі «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдауға байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңды және оған ілеспе заңнамалық түзетулерді екінші оқылымда қабылдады

2026 жылдың 3 маусымында ҚР Парламентінің Мәжілісі «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдауға байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңды және оған ілеспе заңнамалық түзетулерді екінші оқылымда қабылдады

Заң қылмыстық рақымшылықты да, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша рақымшылықты да жүргізуді көздейді. Заңның негізгі мақсаты - қылмыстық саясатты ізгілендіру және азаматтардың борыштық жүктемесін төмендету.
Қылмыстық рақымшылық шеңберінде қылмыстық теріс қылықтар, онша ауыр емес қылмыстар, сондай-ақ залал келтіруге алып келмеген не оны толық өтеген ауырлығы орташа қылмыстар жасаған адамдарды қылмыстық жауаптылықтан және жазадан босату көзделеді.
Сонымен қатар, рақымшылықтың қолданылуы террористік, экстремистік және сыбайлас жемқорлық қылмыстары, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар, азаптаулар үшін сотталған адамдарға, сондай-ақ қылмыстардың қауiптi қайталануы кезінде қолданылмайды.

Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша рақымшылық шеңберінде Қазақстан Республикасының азаматтары, жеке кәсіпкерлер, жекеге нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар және заң консультанттары әкімшілік айыппұлдарды төлеуден босатылады.
Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша рақымшылық Заң қолданысқа енгізілген күнге жасалған құқық бұзушылықтар үшін салынған айыппұлдарға қолданылады. Бұл ретте оның қолданылуы соттар салған айыппұлдарға, сондай-ақ қарудың, есірткі құралдарының заңсыз айналымына байланысты және жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіретін өзге де құқық бұзушылықтардың бірқатарына қолданылмайды.
Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша рақымшылықты қолдану мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері арқылы автоматты режимде жүзеге асырылатын болады.