
Адвокаттық және нотариаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдардың аттестаттаудан өту рәсімі кәсіби іріктеудің жауапты және ашық нысандарының бірі болып табылады. Әділет департаменттері мен Тестілеу операторы өткізетін аттестаттау тек заңнама біліктілігін тексеруге ғана емес, сонымен қатар болашақ мамандардың практикалық дағдыларын бағалауға бағытталған.
Жоғары заң білімі, заңгер мамандығы бойынша кемінде екі жыл жұмыс өтілі бар, нотариуста кемінде бір жыл мерзіммен тағылымдамадан, әділет аттестаттау комиссиясында аттестаттаудан өткен және нотариаттық қызметпен айналысу құқығына лицензия алған Қазақстан Республикасының азаматы нотариус бола алады.
Адвокат жоғары заң білімі бар, адвокаттық қызметпен айналысуға лицензия алған, адвокаттар алқасының мүшесі болып табылатын және осы Заңмен регламенттелетін адвокаттық қызмет шеңберінде кәсіптік негізде заң көмегін көрсететін Қазақстан Республикасының азаматы болып табылады.
Тағылымдамадан сәтті өткен үміткерлер электрондық үкімет порталы (www.egov.kz, www.elicense.kz) арқылы өтініш береді. Өтінішпен бірге үміткер білімін, тәжірибесін және біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттарды жүктеуі тиіс.
Әділет департаменті өтінішті бір жұмыс күні ішінде тіркейді. Өтінішті тіркеу туралы хабарлама өтініш берушінің жеке кабинетінде бірден пайда болады. Егер құжаттар жұмыс күні аяқталғаннан кейін немесе демалыс күндері тапсырылса, тіркеу келесі жұмыс күні жүзеге асырылады.
Егер қызмет алушы құжаттардың толық жиынтығын ұсынған жағдайда, Әділет департаменті құжаттарды тіркегеннен кейін бес жұмыс күні ішінде олардың біліктілік талаптарына сәйкестігін тексереді.
Құжаттарды тексеруден сәтті өткен үміткерлер аттестаттауға жіберу туралы шешім қабылданған сәттен бастап бір жұмыс күні ішінде аттестаттауды өткізу орны, күні, уақыты, тәртібі туралы оның абоненттік нөміріне қысқа мәтіндік хабарлама жіберу арқылы немесе портал арқылы «жеке кабинетке» хабардар етіледі.
Аттестаттау екі кезеңде жүргізіледі:
Үміткерге Қазақстанның негізгі заңдары және Кодекстері бойынша 100 сұрақ ұсынылады. Орындауға 90 минут беріледі.Осы кезеңнен өту үшін үміткер сұрақтардың кем дегенде 70% -на дұрыс жауап беруі керек.
Тестілеу өткізілетін заңнамалардың тізбесі, сондай-ақ әрбір заңнама бойынша сұрақтардың саны Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2023 жылғы 26 мамырдағы № 344 және Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің м.а. 2023 жылғы 27 мамырдағы № 115/НҚ бірлескен бұйрығымен бекітілген «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің кәсіби қызметпен айналысу құқығына үміткер адамдарды аттестаттаудан өткізу және біліктілік беру жөніндегі мемлекеттік қызметтерін автоматтандырылған режимде көрсету бойынша пилоттық жобасын іске асыру туралы Тәртібінде» көрсетілген, аталған тәртіппен ZAN.KZ. сайтында таңысуға болады.
Екінші кезең бұл кәсіби ойлауды тексеру. Үміткер әрқайсысы құқықтық механизмдерді талдауды және түсінуді қажет ететін мәселелерден тұратын үш практикалық жағдайды шешеді.
Ең төменгі өту шегі-3 ситуациялық тапсырма бойынша 12 сұраққа 65% дұрыс жауап.
Екі кезеңнен өткеннен кейін ғана үміткер аттестаттаудан сәтті өткен болып саналады.
Тестілеуде белгіленген мәндерден төмен нәтиже алған кандидаттарға қайта тестілеуге алдыңғы тестілеу өткізілген күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кем емес мерзімнен кейін жол беріледі.
Аттестаттау кезінде телефондарды, анықтамаларды, электрондық құрылғыларды немесе арнайы және өзге де әдебиеттерді пайдалануға қатаң тыйым салынады. Мұндай құрылғылар тестілеу кезінде ұяшықтары бар арнайы шкафтарда сақтауға орналастырылады.
Тестілеу операторы аттестаттаудан кейін нәтижелерді Әділет департаментіне бір жұмыс күні ішінде жібереді, кейін Әділет департаменті аттестаттау/аттестаттамау туралы қорытында шешім қалыптастырады және оны электрондық түрде үміткердің «жеке кабинетіне» жібереді.
Аттестаттаудан сәтті өткені туралы қорытынды үш жыл мерзімінде жарамды екенін есте сақтау жөн.
Адвокаттық және нотариаттық қызметпен лицензиялауды Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі жүзеге асырады.
Болашақ адвокаттар мен нотариустардың аттестациясы-бұл тек формальды рәсім ғана емес. Бұл елдегі заң көмегінің кәсібилігі мен сапасын қамтамасыз ететін тетік.
Дайындық, зейін және сенімді білім кәсіби заң қауымдастығына кіруге және азаматтардың мүдделеріне жоғары деңгейде қызмет етуге ұмытылатындардың негізгі одақтастары болып табылады.
Аққу Естай
Ақмола облысы
Әділет департаментінің
бас маманы