30 сәуір күні Абай облысы Әділет департаментінің құқықтық түсіндіру жұмысы және заң көмегін көрсету бөлімі мен Абай облысының Нотариаттық палатасы бірлесіп, нотариат қызметін жетілдіру мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өткізді.
Іс-шара барысында нотариаттық қызметтің өзекті мәселелері, оның ішінде атқарушылық жазбаларды жасау, жою және орындау тәртібіне байланысты туындайтын проблемалық жайттар қаралды. Жеке және заңды тұлғалар тарапынан нотариустардың әрекеттеріне қатысты түсетін шағымдардың себептері талданып, олардың санын азайту және нотариаттық қызметтердің сапасын арттыру жолдары талқыланды.
Қатысушылар халық арасында алдын алу және құқықтық түсіндіру жұмыстарын күшейту, әділет органдары мен нотариустар арасындағы өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ нотариат қызметіндегі цифрлық құралдарды кеңейту қажеттілігін атап өтті. Атап айтқанда, eGov Mobile қосымшасындағы е-нотариат сервисі арқылы атқарушылық жазбаларды жою мүмкіндігі азаматтардың құқықтарын онлайн форматта жедел әрі қолжетімді қорғауға ықпал ететіні айтылды. Кездесу қорытындысы бойынша заңнаманы қолдану тәсілдерін біріздендіру және нотариаттық әрекеттердің ашықтығын арттыру жөнінде нақты ұсыныстар әзірленді.