Облыс әкімі қытай инвесторларымен кездесті

Облыс әкімі қытай инвесторларымен кездесті

Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Қытайдың Чанцзи мемлекеттік жоғары технологиялар индустриялық аймағынан келген делегация мүшелерімен кездесті. Делегация құрамында құрылыс, тау-кен өндірісі, электроника және көлік құрастыру, көпір салу бағытында жұмыс істейтін компания өкілдері болды.

Аймақ басшысы қытайлық тарапқа облыстың әлеуеті мен мүмкіндіктері туралы айтып, өңірде көлік-логистика, машина жасау, құрылыс, ауыл шаруашылығы салаларында инвестициялық жобаларды бірлесе жүзеге асыруға болатынын атап өтті.

«Абай облысы тоғыз жолдың торабында тұрғандықтан көлік-логистикалық әлеуеті зор. Семей мен Аягөз қалалары аумағындағы темір жол бойында логистикалық хабтар ашуға толық мүмкіндік бар. Облыс орталығына көпір керек. Семей қаласында машина құрастыратын зауыт бар. Осы бағытта да бірлесе жұмыс істеуге болады. Жел, су энергиясын өндіретін станциялар салу мәселесі де өзекті. Өңірде өндірістік аймағымыз бар. Біз әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырғысы келетін инвесторлармен жұмыс істеуге дайынбыз. Мамыр айының ортасында Қытайға арнайы делегациямен барып, келіссөздер жүргізуді жоспарлап отырмыз» деді облыс әкімі.

Қытайлық тарап өз кезегінде Абай облысында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытып, біріккен кәсіпорындар ашу, инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік жобаларға инвестиция салу бойынша нақты ұсыныстар беретінін жеткізді. Айта кетейік, шет елдік компания өкілдері бұған дейін Алматы, Астана және Шымкент қалаларында бірнеше жобаны жүзеге асырған.