Облыс әкімі Таскескен ауылындағы колледжде болды

Облыс әкімі Таскескен ауылындағы колледжде болды

Облыс әкімі Берік Уәли ауданға жұмыс сапары барысында Таскескен ауылында орналасқан Үржар колледжінде болды.

Қазіргі таңда мұнда 142 студент 4 мамандық бойынша оқып жатыр. 67 адам жұмыс істейді. Колледж аумағында 60 орындық жаңа үлгідегі жатақхана мен оқу-өндірістік зертхана ғимараты орналасқан.

Колледжде ауыл шаруашылығы саласына қажетті кадрлар даярланады. Білім ордасының материалдық-техникалық базасы жыл сайын жаңартылып келеді. Бүгінде 23 оқу кабинеті заманауи технологиялық және ақпараттық құралдармен жабдықталған. 2019 жылы колледждің бас корпусына күрделі жөндеу жүргізілді. Мекеме директоры облыс әкіміне жылу қазандығына жөндеу жүргізуге көмектесуді сұрады.

Колледждің жылу қазандығы мен оқу-өндірістік зертханасын аралап көрген аймақ басшысы атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.

«Қазіргі уақытта облыстағы 33 колледждің заман талабына сай жабдықталуына ерекше ден қойылып отыр. Үржар колледжі ауыл шаруашылығы саласында жұмысшы мамандарды даярлауға септігін тигізіп келеді. 50 жылдан астам тарихы бар колледждегі білім сапасын арттыруға бағытталған жобаларды қолдаймыз. Жергілікті әкімдік тарапынан тиісті көмек көрсетеміз», - деді облыс әкімі.