
Облыс әкімі Берік Уәли Бородулиха ауданындағы жұмыс сапары барысында денсаулық сақтау нысандарын аралады.
Аймақ басшысы Бородулиха ауылындағы орталық аудандық аурухананың жұмысымен танысты. 80 төсек-орынға шақталған медициналық мекеме 30 мыңға жуық адамға қызмет көрсетеді. Аурухана медициналық құрал-жабдықтармен 85 пайыз қамтылған. Қазіргі уақытта аурухананың жылу жүйесі мен қазандығына күрделі жөндеу жүргізілуде. Үш қазандық ауыстырылды.
Медициналық нысандағы өзекті мәселенің бірі - акушер-гинеколог, нарколог, анестезиолог-реаниматолог мамандарының жетіспеушілігі. Аймақ басшысы аурухананың материалдық-техникалық базасы кезең-кезеңімен жаңартылатынын айтып, аудан әкіміне жас мамандарды жұмысқа тарту мәселесін Денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп шешуді тапсырды.
Облыс әкімі Жезкенттегі алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығына да барды.
1975 жылы пайдалануға берілген мекемеде 19 төсек-орын қарастырылған. Бұл орталық 9 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетеді. Мұнда 82 медицина қызметкері жұмыс істейді.
Облыс әкімі орталықты аралап, бөлімдердің жұмысымен танысты. Аймақ басшысы бастапқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді әрі сапалы болуы керектігін атап өтті.
«Жезкент – аудандағы ең ірі елді мекендердің бірі. 9 мыңға жуық халық тұрады. Кенттегі медициналық мекеме заман талабына сай жабдықталуы керек. Облыс әкімдігі тарапынан тиісті қолдау көрсетіледі», – деді облыс әкімі.
Айта кетейік, ауданда «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында үш жоба жүзеге асырылды. Успенка және Ауыл елді мекендерінде медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункттер, Жаңа Шүлбі ауылындағы дәрігерлік амбулатория салынды.