Ақсуат ауданында мемлекет қолдауымен өз істерін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер қатары артып келеді. Солардың бірі – Аязбек Нияз.
Ол 2023 жылдың сәуір айында Алматы облысынан көшіп келіп, «қоныс аударушы» квотасына ие болды. Мемлекеттен 1 млн. 476 мың теңге қайтарымсыз грант алды. Алған қаржыға сабын шығаратын шағын цех ашты.
«Күніне 350-380 дана сабын жасап шығарамын. Болашақта қасыма көмекші алсам деймін. Сол кезде 700 данаға дейін шығаруға мүмкіншілік болады. Қазірдің өзінде аудан орталығынан сұраныс түсіп жатыр», — дейді кәсіпкер Аязбек Нияз.
Жалпы, биыл Ақсуат ауданы бойынша 14 адамға қайтарымсыз грант берілген.