Абай облысында 160 көпбалалы отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі

Абай облысында 160 көпбалалы отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі

Конституция күні қарсаңында төрт және одан да көп бала тәрбиелеп отырған отбасыларға үй кілттері салтанатты түрде табысталды.

Сатып алу құқығынсыз жалға берілген баспана Семей қаласының Комсомол кентінде орналасқан. Екі пәтерлі үйлердегі бір пәтердің ауданы 85 шаршы метрді құрайды.

Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов мемлекеттік тұрғын үй қорында баспана алу кезегінде тұрған 10 бақытты отбасыға кілт табыстап, қоныс тойымен құттықтады.

- Мемлекеттің әлеуметтік саясаттың басты бағыттарының бірі-халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету. Биыл Семей қаласы бойынша кезекте тұрған 122 отбасыға кілттер табысталады. Бүгін біз көпбалалы отбасыларды жаңа баспанаға қоныстандырып, қуаныштарымен бөлісетін боламыз. Сіздерге амандық, жайлылық пен жақсылық тілеймін. Қоныс тойы құтты болсын! - деп қала басшысы жаңа қоныстанушылардың қуанышымен бөлісті.

Айта кетейік, ағымдағы жылдың қыркүйек айында тағы 32 көпбалалы отбасы Комсомол кентіндегі жаңа үйлерге көшеді.

Жалпы, 2023 жылы өңірде көп балалы отбасыларға 43 тұрғын үй, ал халықтың әлеуметтік осал топтарының басқа санаттары үшін – 120 тұрғын үй берілді. Ағымдағы жылы халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топ санатындағы 501 отбасы мен 117 көп балалы отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланған.