Абай облысының әкімі Бесқарағай ауданында жөнделіп жатқан нысандарды аралады

Абай облысының әкімі Бесқарағай ауданында жөнделіп жатқан нысандарды аралады

Өңір басшысы Бесқарағай ауданына жұмыс сапары аясында халықпен кездесіп, азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдағаннан кейін ауданда салынып және жаңғыртылып жатқан бірнеше нысанды аралады.

 

Алдымен 54,8 млн. теңге қаржыға күрделі жөндеу жүріп жатқан балабақшаға барды. Қайта жаңғырту жұмыстарын «ИТМ КАРГО» ЖШС, «ArhiVa Architects» ЖШС мердігерлік ұйымдары қолға алған. Аймақ басшысы балабақшадағы құрылыс барысын тексеріп, мердігерге жұмыс қарқынын жеделдету қажет екенін атап өтті.

 

«Жұмыс қарқыны өте баяу, жеделдету керек. Жұмысты күшейтіп, белгіленген мерзімде аяқтау қажет», - деді Нұрлан Ұранхаев.

 

Сондай-ақ, ол Канонерка ауылындағы мәдениет клубындағы жөндеу жұмыстарымен танысты. Жоспарға сәйкес құрылыс жұмыстары 31 тамызда аяқталу қажет. Алайда, ішкі жөндеу жұмыстары жоспарға кірмегендіктен, мердігер компания нысанды ерте тапсыруды көздеп отыр.

 

Сонымен қатар аймақ басшысы Канонерка ауылындағы жаңа үйлердің құрылыс барысын және Жыланды ауылындағы білім ордасын тексерді. Нұрлан Ұранхаев мектепті аралап, оның жабдықталуымен танысты. Қазіргі уақытта мектепте 71 оқушы оқиды және 18 ұстаз жұмыс істейді. Мектепте 14 оқу, 1 робототехника кабинеті ашылған. Сондай-ақ спорт зал, жасанды жабыны мен қоршауы бар футбол алаңы, жабық ойын орталығы бар.

 

Бесқарағай ауданының әкімі Талғат Мұратов Жыланды ауылында бұрынғы мектеп апатты деп танылып, жаңасы салынғанын атап өтті. Аудан басшысы ауылға кіреберіс автожолды қайта жаңарту жоспарланып отырғанын және мүмкіндігінше тасжолды жаңа мектепке дейін жөнделетінін айтты.

 

«Қазір біз мектепке дейін жол салу мәселесін пысықтап жатырмыз. Ауылға дейінгі жолды жөндеу қарастырылмаса да біз балаларға жол салуды жоспарлап отырмыз. 1 қыркүйекке дейін мектептер мен балабақшалардағы барлық жұмысты аяқтаймыз. Нысандар оқу жылына дайын болады», - деп қорытындылады аудан әкімі.