Танымал кәсіпкер Дулат Тастекеев әлеуметтік осал топқа жататын отбасыға үй әперетін болды

Танымал кәсіпкер Дулат Тастекеев әлеуметтік осал топқа жататын отбасыға үй әперетін болды

Бұл туралы ол облыс әкімінің Ақсуат ауданының тұрғындарымен кездесуінде хабарлады.

Ақсуат — Барқытбелдің баурайындағы елді-мекен. Бұл жерден елге белгілі бірқатар танымал азаматтар шыққан. Солардың қатарында танымал кәсіпкер, меценат, Алматы қалалық мәслихатының депутаты Дулат Тастекеев бар.

Ол бүгін Ақсуат ауданына жұмыс сапарымен келген Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевтың аудан халқымен кездесуіне қатысты.

Кездесу соңында сауал жолдаған Құмкөл ауылының тұрғыны Айжан Ануарбекова өзінің отбасылық жағдайы мен әлеуметтік мәселесі бойынша баспана мәселесін көтерді.

«Мен бүгінде 4 мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырмын, оның алдында бір балам шетінеп кетті. Өзіміз қазіргі таңда үш бөлмелі үйде тұрамыз. Әлеуметтік жағдайымды ескере отырып, баспана жағынан көмек қолын созсаңыз», — деді ол.

Жиынға арнайы қатысқан Дулат Тастекеев осы мәселеге қатысты пікір білдіріп, аталған азаматшаға баспана тарту ететінін мәлімдеді.

— Айжан апай, әлеуметтік жағдайыңызды жақсы түсінемін. Осыны ескере келе Сізге үй сатып алып беретінімді айтқым келеді. Егер қазіргі тұрып жатқан ауылыңызда сатылатын баспана болса, маған айтыңыз. Ол жағынан мен толықтай көмектесемін, — деді ол.

Айта кетейік, ауданнан шыққан азамат Дулат Тастекеев бұдан өзге, Екпін ауылындағы бір отбасыға баспана тарту етенінін айтты.