Нұрлан Ұранхаев - Абай облысының әкімі

Нұрлан Ұранхаев - Абай облысының әкімі

- Қымбатты ардагерлер!
Құрметті жерлестер!
Баршаңызды, халқымыздың ең қастерлі мерекесі - Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Жеңіс күні — тарих төрінен орын алатын, жанқияр ерлік пен еңселі елдіктің рухы өрлеп, Жеңіс жалауы желбіреген ұлы мереке.
Тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы, еліміздің өркендеп, Отанымыздың гүлденуі де – осы мерекенің жемісі.

Халқымыз ежелден-ақ «Ер – ел қорғаны, батыр – халық қалқаны» деп, елге сүйеніш, жұртқа пана болған ерлерді ерекше ардақ тұтқан.

Жеңіспен өрілген ұлы тарихымыз – Отан үшін от кешкен батырларға кенде емес. Сол себепті елдік жолында күрескен ұландар қашанда ұлықтауға лайықты.

Бүгінгі ұрпақ аға буын-ардагерлер танытқан қаһармандық пен қайсарлықтан үлгі алып, бой түзейді.

Сондықтан, осынау ерлікке толы Күн, өткеніміздің мәңгілік ұмытылмас белесі болып қала бермек.

Біз есімдері тарихтың бетінен мәңгі өшпейтін аға буын алдында өлшеусіз қарыздармыз.
Ешкім де, ешқашан ұмытылмайды!

Ерлік Даңқы өшпейді!
Ұлы Жеңіс мерекесінде Отан соғысының оқ бораған даласында қаза тапқандардың рухтарына бас иіп, тағзым етеміз!

Ардақты ағайын!
Өкінішке орай, соғыстан кейін еліне оралып, қираған экономиканы қалпына келтіріп, Тәуелсіздігімізді нығайтқан ардагерлеріміздің қатары сиреп келеді.

Жеңістің көктемін облысымызда 12 Ұлы Отан соғысының ардагері мен 2,5 мыңнан астам тыл еңбеккері қарсы алуда.
Күні кеше, Президентіміз – Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атынан, еліміздің бостандығы мен тәуелсіздігі жолындағы азаматтық және жауынгерлік ерлігі үшін, жерлесіміз Әбдіғали Қаймолдинге «Халық қаһарманы» атағын табыстадым!

Жоғары марапат – Абай елінің барша ардагерлеріне жасалған ерекше құрмет белгісі деп есептеймін!

Біз өткеннен өнеге алып, Әділетті Қазақстанды құруды мұрат еткен халықпыз!

Тағылымы мол тарихымыз бен ұлттық салт-дәстүрімізді жаңғыртып келеміз.

Бейбіт өмірдің қадірін түсініп, көздің қарашығындай сақтау, ұрпаққа аялап аманат ету - баршамыз үшін қасиетті парыз!
Бүгінгі Ұлы қуаныш үстінде, ардагер аталарымыз бен ақ жаулықты аналарымызға мықты денсаулық, қайтпас қуат, асқақ рух пен ұрпақ алғысын тілейміз!

Жеңіс мерекесі – әр отбасына сарқылмас ырыс пен мол бақыт сыйласын!
Сәбилеріміздің ұйқысы тыныш болсын!
Ұлы Жеңіс, жасасын!