Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Қытай Халық Республикасы Баянь қаласы Үкіметінің делегациясымен кездесті

Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Қытай Халық Республикасы Баянь қаласы Үкіметінің делегациясымен кездесті

Кездесуде ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, логистика салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың келешегі және Қазақстан-Қытай логистикалық паркін құру мәселелері талқыланды.

Еске сала кетейік, жуырда Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы шекара маңы ынтымақтастығының 2-ші достық диалогы аясында ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы Партия комитетінің хатшысы Ма Синжуй мырзамен кездесті.

— Біз екіжақты ынтымақтастықтың келешегін талқыладық. Мен ауыл шаруашылығы, жасыл энергетика, электронды коммерция және өндіріс салаларындағы серіктестікті кеңейтуді ұсындым. Облыс әкімдігі өз тарапынан әлеуетті инвесторларға қолдау көрсететін болады. Кездесудің нәтижесінде біз Абай облысы мен Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы арасында бауырластық байланыстар орнату туралы келісімге қол қойдық, - деді Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев.

Еске салар болсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың қыркүйегінде Абай облысы жұртшылығымен кездесуінде Қытаймен көлік-логистикалық, сауда-экономикалық орасан зор әлеуетті пайдалану қажеттігін атап өткен болатын.

- Абай облысы тоғыз жолдың торабында тұр, Ресеймен, Қытаймен шектесіп жатыр. Осы мүмкіндікті ұтымды пайдалану үшін жолдарымыз сапалы әрі қауіпсіз болуы керек. Еліміздің көлік әлеуетін дамыту үшін Бақты арқылы Қытайға баратын теміржол желісін салуды жоспарлап отырмыз. Бұл теміржолды міндетті түрде салуымыз керек, - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол Үкімет осы мәселемен айналысатынын айта келе, өңірде «құрғақ порт», «логистикалық парк» салып, көлік дәлізін дамыту қажет екеніне тоқталды.

Екі мемлекет басшыларының екі ел арасындағы өзара сауда көлемін арттыру бойынша ұсынған тапсырмасын ескере отырып, Баян қаласы Абай облысының Үржар ауданында Қытай- Қазақстан заманауи индустриалды логистикалық паркін инвестициялап, салуды жоспарлап отыр.

Баян қаласы - Қытайдағы Шыңжаң өлкесінің жаңа астанасы. Оның шығысында 12 шақырым жерде Тачен қаласы, ал батысында Бақту порты орналасқан. Бақту экономикалық-технологиялық даму аймағының жалпы ауданы 16,37 шаршы шақырымды құрайды және онда ауыл шаруашылығы өнімдері мен қосалқы өнімдерді өңдеу аймағы, порттық кедендік ресімдеу аймағы, қоймалық және логистикалық аймақ және тұрғын үйді қолдау аймағы орналасқан.