Еңбекқор әйел әрдайым сүйкімді

Еңбекқор әйел әрдайым сүйкімді

Семейліктерге Зәуреш Рамазанқызы Исабаеваның есімі жақсы таныс. Еңбек жолын мұғалімдіктен бастап, ұзақ жылдар бойы қалалық ішкі саясат бөлімінде қызмет етті, білім бөлімінің басшысы, қала әкімінің орынбасары, аппарат жетекшісі, тілдерді оқыту орталығының директоры болды. Қазіргі күні Абай облысының лингвистикалық орталығын басқарып отыр.

- Зәуреш Рамазанқызы, әйел өзінің болмысын ашып, тұлға ретінде қалыптасуы үшін оған қандай қасиеттер керек деп ойлайсыз?

- «Әйелдің қырық жаны бар» дейді ғой халқымыз. Әйелді нағыз әйел қылатын қасиеттер көп. Ең алдымен білім мен ізденіс керек. Адам қанша жасқа келсе, сонша үйренеді. Өмірден, өзгелерден, жастардан үйренеді. Өмірдің ағымынан қалғыңыз келмесе, үнемі ізденісте болған жөн. Адам өзіне сондай талап қойса, міндетті түрде жеңіске жетеді деп ойлаймын. Сонымен қатар оптимистік көңіл-күй керек. Әйел адам өмірін көркем етіп сүру үшін өмірді жақсы көруі керек, өзін, денсаулығын күтуі қажет. Әйел дені сау болып, көңілі көтеріңкі жүрсе, айналасындағы адамдарға да шуағын шашады. Үйде де, ұжымда да жадыраңқы жүрсе, жақсы энергиясын таратады. Әйел поэзияға, музыкаға, спортқа неғұрлым жақын болса, өмір сүру де жеңілірек болады.
Жақсы әйелге кешірімшілдік қасиет тән. Қамшының сабындай қысқа өмірде бір-бірімізге кек сақтамай, қателіктерді кешіріп, кешірімді сұрай да білу керек. Қисық қабырғадан жаралғандықтан, кейде біз қисайып қаламыз. Егер әйел адам ақылды болса, басқаларға да кешіріммен қарайды.
Тұлға болып қалыптасуы үшін ұйымдастырушылық қабілет, үлкенмен де, кішімен де тіл табыса алатын қасиет және мейірімділік керек.

- Өзіңіздің өмірлік ұстанымдарыңыз қандай?

- Мен бір істі бастасам, соңына дейін жеткізуім керек. Оқушы кезімнен бастап белсенді болуға ұмтылдым. Әлі күнге дейін сондаймын. Ата-атамның бойыма сіңірген қасиеті сол - қандай істі бастасам да соңына дейін жеткізгенше тыныш таппаймын. Меніңше, адамның қандай екенін істі қалай бастағанынан емес, қалай аяқтағанынан байқауға болады.

- Зәуреш Рамазанқызы, сіздің ойыңызша, әйелге отбасы мен қызметті қатар алып жүру үшін не істеу керек?

- Мен жиырма жылдан астам мемлекеттік қызметте болдым. Енем жиырма бес жыл қолымда тұрды. Әйел мемлекеттік қызметте істей алуы үшін, ең алдымен, отбасының қолдауы қажет. Бұл үлкен қажырлықты талап етеді. Әрине, шаршайсың. Ұйқың да қанбауы мүмкін. Бірақ тырысу керек. Өзіңді-өзің тәрбиелеп, қамшылап отыруың қажет. Бәріне үлгере алу үшін уақытты дұрыс жоспарлау керек. Үй ішінде береке-бірлік болса, жұмыс та жүреді. Үйде береке болмаса, әйелден де тыныштық қашады. Әр адамға керегі - ең алдымен үйдегі береке мен бірлік.

- Зәуреш Рамазанқызы, өзіңізді көпшілік іскер әйел ретінде жақсы таниды. Семейде мемлекеттік қызметте лауазымды қызметтердің тізгінін ұстадыңыз. Басшылық қызметте сізге қандай қасиеттеріңіз көмектеседі?
- Әрбір әйелге, ең алдымен, еңбекқорлық қасиет керек. Еңбекқор әйел отбасында да, қызметінде де сүйкімді. Және тиянақтылық, шешім қабылдай білу, жауапкершілікті сезіне алу, өз пікіріңді қорғай алатындай қайсарлық керек. Әрине, әрдайым біліміңді жетілдіріп отыру қажет.
- Өзіңіз отбасыңызда қандай ана, енесіз?

- Жолдасым Қуат екеуміз екі ұлды өсіріп жеткіздік. Үлкен ұлымыз Дәулет - Астана қаласында дәрігер. Кіші ұлым Бақытбек - заңгер. Екеуі де шаңырақ көтерді, үш немереміз бар. Маған өзгелер «келіндеріңе тым жұмсақсың» деп жатады. Олар да бір ата-ананың мәпелеп өсірген қыздары. Өзімде қыз болмағандықтан, оларды қызымдай көремін. Мен қатал ене емеспін. Тоқсаннан асып көз жұмған марқұм енем де маған жұмсақ болды. Ұлдарыма да, келіндеріме де ризамын.