2023 жылы балалар ART-SPORT бағдарламасы бойынша оқуын жалғастырады

2023 жылы балалар ART-SPORT бағдарламасы бойынша оқуын жалғастырады

Өткен жылы ART-SPORT бағдарламасы бойынша 4-17 жас аралығындағы 1153 бала үйірме сабақтарымен қамтылса, биыл олардың саны 2152 балаға дейін өседі.

Абай облысының мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айдар Ибраев атап өткендей, мемлекеттік шығармашылық тапсырыс шеңберінде қызмет көрсететіндердің жалпы саны – 11.

- Оның 10-ы Семей қаласында жұмыс істейді. Барлығы 33 шығармашылық үйірме – балет үйірмесі, кескіндеме, эстрадалық вокал, халық билері, киім үлгілеу, актерлік және шешендік өнер, керамика және мүсін өнері, ағаш оюы және басқа да үйірмелер қаржыландырылып отыр, – деді Айдар Ибраев.

2022 жылы шығармашылық үйірмелер бойынша ART-SPORT платформасына кіру мүмкіндігі ашылды. 2022 жылдың 4 айында мемлекеттік шығармашылық тапсырыс бойынша 60,7 млн теңге төленген.

– 2023 жылы 2152 баланы шығармашылық үйірмелермен қамту жоспарлануда. Бүгінгі таңда ART-SPORT алаңының электронды жүйесінде 1926 ваучер мақұлданды, 226 бала кезекте тұр,- деп түйіндеді сөзін Айдар Ибраев өңірлік коммуникациялар қызметінде.