Абай облысы Төтенше жағдайлар департаментіне жаңа басшы тағайындалды

Абай облысы Төтенше жағдайлар департаментіне жаңа басшы тағайындалды

Аймақ басшысы Берік Уәлидің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте Абай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің жаңа басшысы таныстырылды. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар вице-министрі Рамиль Камалов департаменттің жаңа бастығы Еркін Отарғалымұлын облыс активіне таныстырды.

Облыс әкімі жаңа басшыны жауапты қызметімен құттықтап, төтенше жағдайлардың алдын алу мен өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету аса маңызды міндет екенін атап өтті.

«Еркін Отарғалымұлын Абай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы лауазымына тағайындалуымен құттықтаймын! Жаңа қызметіңізде өңіріміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою бағытында табысты жұмыс атқарасыз деп сенемін. Жауапты қызметіңізге сәттілік тілеймін! Сонымен қатар, осы уақытқа дейін Абай облысы Төтенше жағдайлар департаментін басқарған Манарбек Қайыргелдіұлы Шапағатовқа атқарған жұмысы, өңірдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін алғысымды білдіремін. Манарбек Қайыргелдіұлы Абай облысында төрт жылға жуық абыройлы еңбек етті. Алдағы қызметіңізге табыс тілеймін!», – деді Берік Уәли.

Аймақ басшысы Манарбек Шапағатовқа облыстың төтенше жағдай саласындағы елеулі еңбегі үшін «Абай облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін табыс етті.

Еркін Отарғалымұлы 1984 жылы Абай облысының Үржар ауданында дүниеге келген. Азаматтық қорғау полковнигі. 2006 жылы ҚР ТЖМ Көкшетау техникалық институтын «Өрт қауіпсіздігі» мамандығы, 2009 жылы С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша тәмәмдаған.

Еңбек жолын 2006 жылы Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік өрт бақылау саласында бастаған. Әр жылдары Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінде мемлекеттік өрт бақылау, төтенше жағдайлардың алдын алу және азаматтық қорғау салаларында түрлі басшылық қызметтер атқарды. «Байқоңыр» ауданының Төтенше жағдайлар басқармасын, Астана қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасын басқарды.

2023-2024 жылдары Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, 2025 жылдан осы уақытқа дейін Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының бірінші орынбасары қызметін атқарды.

2026 жылғы 5 қазаннан бастап Абай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы болып тағайындалды.