
Аймақ басшысы Берік Уәли Қытай Халық Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Су Фанцюмен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Абай облысы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.
Аймақ басшысы Абай облысының екі жақты әріптестікті одан әрі дамытуға мүдделі екенін жеткізді.
«Биыл Қытайға жасаған жұмыс сапарлары аясында қытайлық ірі компаниялармен нәтижелі келіссөздер жүргізілді. Соңғы сапардың қорытындысы бойынша жалпы құны шамамен 4 млрд АҚШ долларын құрайтын инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізілді. Сонымен қатар Үрімші қаласында «Семей» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының инвестициялық-сервистік кеңсесі ашылды. Бұл қытайлық бизнеспен тікелей байланысты нығайтып, жаңа инвестициялық жобаларды сүйемелдеуге мүмкіндік береді. Біз Қытай Халық Республикасымен ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге, қытайлық компаниялармен өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, энергетика, көлік, логистика және туризм салаларындағы әріптестікті дамытуға мүдделіміз», – деді Берік Уәли.
Кездесуде екі ел арасындағы өңіраралық ынтымақтастықты дамыту, Абай облысында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері талқыланды.
Бас консул өңіраралық байланыстың әлеуетіне тоқталып, алдағы бірлескен жұмыстың басым бағыттарын атап өтті.
«Ең әуелі жылы қабылдағаныңыз үшін алғыс білдіремін. Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданының өңірлері мен Абай облысы арасында бұрыннан қалыптасқан сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты, достық байланысты одан әрі кеңейтуге мүдделіміз. «Бақты – Аягөз» транс шекаралық теміржол желісінің құрылысы, «Бақты» өткізу бекетінің әлеуетін арттыру екі ел арасындағы көлік-логистикалық байланысты дамытуға жаңа мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Тачэн аймағы мен Абай облысы арасындағы іскерлік байланысты нығайтып, тек экономикалық емес, туристік, гуманитарлық бағытта да бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз», – деді Су Фанцю.
Бұдан бөлек білім беру саласында Семей медицина университетімен байланыс орнату, Абай облысы мен Тачэн аймағы арасындағы экономикалық, гуманитарлық қарым-қатынасты одан әрі нығайту мәселелері қарастырылды.