Семейде 20 отбасы баспаналы болды

Семейде 20 отбасы баспаналы болды

Бүгін Семей қаласында осал топтағы азаматтарға, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға және толық емес отбасыларға пәтер кілттері салтанатты түрде табысталды. Шараға облыс әкімі Берік Уәли қатысты.

Тұрғындарды баспанамен қамту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстың нәтижесінде 2025 жылы облыс орталығында барлығы 327 жалға берілетін пәтер сатып алынды. Соның ішінде Морозов көшесінде орналасқан «Тарлан» заманауи тұрғын үй кешені «Отбасы банк» АҚ арқылы кезекте тұрған азаматтарға бөлу үшін берілді.

Аймақ басшысы жаңа қоныс иелерін қуанышты мезетпен құттықтап, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде тұрғындарды баспанамен қамту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Аз қамтылған отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету – жұмысымыздың басым бағыттарының бірі. Жыл басынан бері 112 тұрғын үй сертификаты берілді. Былтыр жыл соңында 327 пәтер сатып алынып, қазіргі уақытта 317 пәтер кезекте тұрған азаматтарға жалға беру тәртібімен рәсімделді. Бүгін, қала күні қарсаңында 20 отбасына пәтер кілтін табыстаймыз. Бұл қуаныш шаңырақтарыңызға шаттық, көңілдеріңізге сенім ұялатып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады деп сенеміз. Өз үйінде алаңсыз өмір сүріп, бала өсіріп, болашаққа жоспар құру – әр адамның асыл арманы. Бүгін сол арманның орындалғанына бірге куә болып отырмыз. Семей қаласында бүгінде 93 пәтер сатып алынды. Құжаттары рәсімделіп, келісім негізінде «Отбасы банкке» берілді. Жыл соңына дейін бұл бағыттағы жұмыстар үздіксіз жалғасады. Бұл баспаналар әлеуметтік осал топтағы азаматтарға, жетім балаларға беріліп отыр. Бұл – жай ғана үй емес, бұл – жаңа өмірге бастар жол, үміт пен сенімнің символы. Алдағы уақытта қалған пәтерлер де осы санаттағы азаматтарға берілетін болады. Әрбір отбасы өз шаңырағында шаттыққа бөленіп, бейбіт те бақытты ғұмыр кешсін деп тілейміз», – деді Берік Уәли.

«Тарлан» заманауи тұрғын үй кешені 5 қабаттан, 19 подьезден, 463 пәтерден тұрады. Жалпы жергілікті әкімдік тарапынан 90-нан астам пәтер сатып алынды.

Баспаналы болған тұрғындар өз ризашылықтарын жеткізді.

«Бұған дейін 5 баламызбен жалдамалы пәтерде тұрып келдік. Жаңа баспананы 8 жыл бойы күттік. Енді өзіміздің үйіміз болады. Өте қуаныштымыз», – деді үй алған тұрғындардың бірі.

Қазіргі таңда қаланы көркейту, қоғамдық кеңістіктерді жаңарту жұмыстары қарқынды түрде жалғасуда. Бейбітшілік аралындағы «Өлімнен де күшті» мемориалы маңындағы 10 мың шаршы метр аумақ толық реконструкцияланып, абаттандырылды және автоматты суару жүйесі орнатылды. Сол жерде «Абайға құрмет» акциясы аясында Солтүстік Қазақстан облысы Рәміздер алаңын салды.

Әміре Қашаубаев атындағы филормония алдындағы қоғамдық кеңістікте 5 мың шаршы метр аумақ жаңартылып, қолданысқа берілді. Теміржол вокзалының аумағында 3,4 мың шаршы метр қоғамдық кеңістікті абаттандыру жұмыстары басталды.

Биылдан бастап облыс орталығындағы теміржол өткелдерін кезең-кезеңімен жөндеу қолға алынды. Речников,

Қаржаубайұлы, Лебаев, Мичурин көшелеріндегі өткелдерге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ағымдағы жылы қала әкімдігі 9 теміржол өткелін жөндеуді жоспарлап отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғаса береді.