
Аймақ басшысы Берік Уәли Семей қаласындағы ескі автогуж көпірінің жанында салынып жатқан жаңа көлік өткелінің құрылысын көрді.
Көпір төрт жолақты қозғалысқа есептелген, ұзындығы – 810 метр, ені – 23 метр болады. Нысанның жалпы құны – 47,3 млрд теңге. Қазір құрылыс жұмыстарының 85 пайызы аяқталған. Жоба аясында 9 тірек орнатылады. Оның 8-і тұрғызылған. 9 мың тонна металл конструкцияның 8,5 мың тоннасы монтаждалған. Жоғарғы металл аралық құрылымның 759 метрі орнатылды.
Нысанда 200-ден астам адам еңбек етіп жатыр. Қажетті құрылыс материалдары толық көлемде сатып алынған. Оның ішінде 9 мың тонна металл конструкция жеткізілді. Аталған көпір арқылы көлік қозғалысын іске қосу биылға жоспарланған. Ал ескі автогуж көпірі халықтың серуендеуіне, демалуына қолайлы жаяу жүргіншілер көпіріне айналады.
Облыс әкімі құрылыс сапасын қатаң бақылауда ұстап, жұмысты белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынып жатқан әрі тікелей бақылауында тұрған бұл көпірді биыл пайдалануға беруіміз қажет. Халық асыға күтіп отыр. Сондықтан жергілікті әкімдік тарапынан тұрақты түрде қадағаланып отырады», - деді Берік Уәли.