
Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында Абай облысындағы күзгі жиын-терім жұмыстарының барысы және өндірістік жарақаттанудың алдын алу, қызметкерлердің еңбек қауіпсіздігі мен әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Кеңеске облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері қатысты. Аудан және қала әкімдері бейнережим арқылы қосылды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ертай Қуанбаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Абай облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Ниетқабылов және Абай облысы бойынша «Мемлекеттік аннуитеттік компания» акционерлік қоғамы филиалының директоры Асқар Базылов баяндады.
Биыл облыс бойынша жиналатын егіс алқабы 790,9 мың гектарды құрайды. Оның ішінде 368,7 мың гектар – майлы дақылдар, 275,6 мың гектар – дәнді дақылдар, 5,5 мың гектар – картоп, 5,5 мың гектар – көкөніс және бақша дақылдары, 135,6 мың гектар – жем-шөп дақылдары.
Мемлекет басшысының егіс алқаптарын әртараптандыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес бидай алқабы 22,5 мың гектарға қысқарып, майлы дақылдар көлемі 29,3 мың гектарға ұлғайды.
3 қыркүйектегі жедел дерек бойынша облыста 129,7 мың гектар дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар жиналды. Бұл дәнді дақылдар алқабының 47,1 пайызын құрайды. 136,4 мың тонна астық бастырылып, орташа өнімділік гектарына 10,5 центнер болды. Сондай-ақ 1,4 мың гектардан 29,8 мың тонна картоп, 2,3 мың гектардан 59,3 мың тонна көкөніс және бақша дақылдары жиналды.
Қысқы мал азығын дайындау жұмыстары да жалғасуда. 3 қыркүйектегі жағдай бойынша 888,7 мың тонна шөп, 16,5 мың тонна пішендеме, 13,1 мың тонна сүрлем, 32,1 мың тонна сабан және 35,8 мың тонна шоғырланған жем дайындалды.
Жиналған өнімді сақтау үшін облыста жалпы сыйымдылығы 173 мың тонна болатын 3 лицензияланған элеватор және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің 870,9 мың тонна өнім сақтайтын астық қоймалары бар. Қолда бар сақтау қуаттары болжамды өнім көлемін қабылдауға жеткілікті.
Биыл дәнді дақылдардың жалпы түсімі 289,4 мың тонна, майлы дақылдар өнімі 530,9 мың тонна болады деп болжануда. Күзгі жиын-терім жұмыстарын жүргізуге 21 мың тонна дизель отыны бөлінді. Егін жинауға 4 мың трактор, 2,4 мың комбайн және 700 орақ, барлығы 7 мың техника тартылған. Биыл аграршылар 361 заманауи техника сатып алып, техника паркін жаңарту деңгейі 4,1 пайызға жетті.
Облыс әкімі ауыл шаруашылығы басқармасына, аудан және қала әкімдеріне арзандатылған дизель отынын шаруашылықтарға уақтылы жеткізуді тұрақты бақылауда ұстап, егін жинау жұмыстарын агротехникалық мерзімде аяқтауды тапсырды.
«Жалпы, егін жинау науқаны жоспарға сәйкес жүргізілуде. Дегенмен, бүгінгі талқылаудан көріп отырғанымыздай, бірқатар бағыттар бойынша жұмысты күшейту қажет. Бірінші кезекте, егін жинау қарқыны төмен аудандарға ерекше назар аудару керек. Әрбір аудан бойынша нақты жағдай сараланып, егінді жинаудың белгіленген агротехникалық мерзімдерден кешігуіне жол берілмеуі тиіс. Екіншіден, жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселесі толық бақылауда болуы қажет. Дизель отынының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне уақытылы жеткізілуі егін жинау жұмыстарының үздіксіздігіне тікелей әсер етеді. Үшіншіден, техника мен еңбек ресурстарының жеткіліктілігін алдын ала қамтамасыз ету қажет. Қажет болған жағдайда техникасы жеткілікті аудандар мен шаруашылықтардан тиісті қайта бөлу жұмыстарын ұйымдастыру керек. Төртіншіден, жиналған өнімді сақтау және өткізу мәселелері алдын ала шешілуі тиіс. Егінді жинап алғаннан кейін оны сақтайтын орын немесе өткізу мәселесі туындамауы керек. Жалпы, биылғы егін жинау науқанын сапалы әрі уақтылы аяқтау – ауыл шаруашылығы саласының ғана емес, облыстың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды шарты», – деді Берік Уәли.
Абай облысында еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Жыл басынан бері 22 кәсіпорында кәсіптік тәуекелдер бағаланып, еңбек жағдайларына аттестаттау жүргізілді. Кәсіпорындарда түсіндіру және профилактикалық шаралар тұрақты ұйымдастырылуда.
Сонымен қатар, қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыруға ерекше мән берілуде. Есепті кезеңде 3426 жұмыс беруші тиісті сақтандыру шарттарын жасасты. Алдағы уақытта еңбек шарттарын рәсімдеу, кәсіптік тәуекелдерді төмендету және жұмысшыларды қауіпсіздік талаптарына оқыту бойынша жұмыстар жалғасады.
Аймақ басшысы еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жұмыскерлердің құқықтарын қорғау бағытындағы жұмысты күшейтуді тапсырды. Жұмыс берушілердің міндетті сақтандыру шарттарын жасасуын қамтамасыз ету, еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтау, кәсіптік тәуекелдердің алдын алу және еңбек шарттарын бірыңғай жүйеге толық енгізу бойынша нақты міндеттер жүктелді.