Семей қаласының автобус паркі 20 жаңа қоғамдық көлікпен толықты

Семей қаласының автобус паркі 20 жаңа қоғамдық көлікпен толықты

Облыс әкімі Берік Уәли Семей қаласындағы қалалық маршруттарға қызмет көрсету үшін сатып алынған жаңа жолаушылар автобустарымен танысты.

«Таксомоторный парк» ЖШС әлеуметтік маңызы бар №1, 3, 16, 18, 22, 24, 26, 28, 29, 34, 36, 52 және №55 бағыттарға қызмет көрсетеді. Кәсіпорын қалалық қоғамдық көлік паркін жаңарту мақсатында 20 жаңа «Yutong ZK6890HGO» маркалы автобус сатып алды.

Автобустардың жолаушылар сыйымдылығы 65 адамды құрайды. Көліктер дизель отынымен жұмыс істейді және бір рет жанармай құйғаннан кейін 430 шақырымға дейін жүруге мүмкіндік береді. Автобустардың іші мен сыртында интеллектуалды бейнебақылау жүйесі орнатылған.

Қоғамдық көліктер толықтай төмен еденді, баспалдақсыз үлгіде жасалған. Бұл жолаушылардың көлікке мінуі мен түсуіне қолайлы жағдай жасайды. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды тасымалдауға арналған механикалық пандус қарастырылған. Көліктер пневматикалық аспа жүйесімен, маршруттық көрсеткіштермен және өзге де қажетті жабдықтармен қамтылған.

Ұзындығы 9 метр болатын жаңа автобустардың әрқайсысында алты бейнекамерадан орнатылған. Сонымен қатар көліктерде орталықтандырылған өрт сөндіру жүйесі бар.

Жаңа автобустарды көрген аймақ басшысы Семей қаласының қоғамдық көлік паркін жаңарту жұмыстарының жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.

«Мұндай маркадағы автобустар қаламызға алғаш рет келіп отыр. Сапасы өте жақсы, жайлы, ыңғайлы. Халықтың негізгі бөлігі осы қоғамдық көлікпен жүреді. Сондықтан ең бастысы – тұрғындарға жайлы әрі сапалы қызмет көрсету. Өткен жылы 60-тан астам автобус сатып алынды. Жалпы, биыл жыл соңына дейін 100-ден астам жаңа автобусты сатып алу жоспарланған. Қазіргі таңда оның 81-і алынды. Қаламыздың автобус паркін осылай кезең-кезеңімен жаңартып отырамыз. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастыра береміз», – деді Берік Уәли.

Автобустар бүгіннен бастап желіге шыға бастайды. Кәсіпорын келесі жылы тағы 10 жаңа автобус сатып алуды жоспарлап отыр. Бұл қалалық қоғамдық көлік паркінің жаңаруына және жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді.