Спорт саласындағы заңнамаға енгізілген өзгерістерді іске асыру мәселелері қаралды

Спорт саласындағы заңнамаға енгізілген өзгерістерді іске асыру мәселелері қаралды

Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте спорт саласындағы заңнамаға енгізілген өзгерістерді өңірде іске асыру мәселелері қаралды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақыт Бекбосынов баяндады.

Басқарма мәліметінше, қазіргі таңда облыс тұрғындарының дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысу деңгейі 42 пайызды құрайды. Өңірде 21 спорт нысанының құрылысы жүріп жатыр. Басқармаға қарасты 26 спорт мекемесінде 16 636 спортшы 723 жаттықтырушының жетекшілігімен жаттығады.

Спорт саласындағы заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес Абай облысында 18 басым спорт түрі бекітілді. Сонымен қатар 116 спорт түрі бойынша спорттық даярлықтың ұлттық стандарттары қолданысқа енгізілген. Біліктілік тестілеуінен өткен 162 жаттықтырушыға лауазымдық жалақысының 30 пайызы мөлшерінде қосымша ақы төленуде. Спорт саласын цифрландыру аясында облыста «E-Sport» платформасын енгізу бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылып жатыр.

Биыл Абай облысынан Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командаларының құрамына 458 спортшы енді. Жылдың алғашқы жеті айында өңір спортшылары республикалық және халықаралық жарыстарда 1038 медаль жеңіп алды. Оның 145-ін халықаралық жарыстарда иеленген. Германияда өткен конькимен жүгіруден жастар арасындағы әлем чемпионатында Вадим Чебардаков пен Анастасия Беловодова топ жарып, облыс құрылғаннан бері олимпиадалық спорт түрлері бойынша алғашқы әлем чемпиондары атанды.

Аймақ басшысы бұқаралық спортты дамыту мен тұрғындарға қолжетімді спорт инфрақұрылымын қалыптастыруға басымдық беру қажеттігін атап өтті.

«Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріп, өңірлерде спорт нысандарының қолжетімділігін арттыру және халықты спортпен жүйелі түрде айналысуға тарту қажеттігіне үнемі назар аударып келеді. Спорт саласын дамыту – халықтың денсаулығын нығайтып, салауатты өмір салтын қалыптастырудың маңызды тетігі. Осы бағытта бұқаралық спортты дамытуға, спорт инфрақұрылымының қолжетімділігін арттыруға және тұрғындардың тұрақты түрде спортпен айналысуына қажетті жағдай жасауға басымдық берілуі тиіс», – деді Берік Уәли.

Жиын қорытындысында облыс әкімі Дене шынықтыру және спорт басқармасына Мұз сарайы, шаңғы-роллер трассасы мен жеңіл атлетикалық манеж салу жөніндегі ұсыныстарды пысықтауды, жаттықтырушылардың біліктілік тестілеуінен өту деңгейін арттыруды, «E-Sport» платформасын енгізуді жеделдетуді тапсырды. Сондай-ақ, ұлттық құрама сапындағы спортшыларды даярлау жұмысын күшейтіп, спорт инфрақұрылымына қажеттілікті жаңа ұлттық стандарттар мен басым спорт түрлеріне сәйкес айқындауды және заңнамаға енгізілген өзгерістердің толық орындалуын қамтамасыз етуді жүктеді.