
Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Аягөз аудандық көпсалалы орталық ауруханасы жанынан салынған магниттік-резонанстық томография бөліміне барды.
Аймақ басшысына заманауи магниттік-резонанстық томография аппаратын орналастыруға арналған жапсарлас ғимарат пен медициналық құрылғы таныстырылды. Маңызды жоба арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен жүзеге асырылды.
Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталған. Нысанды пайдалануға беру актісін тіркеу рәсімдері жүргізіліп жатыр.
МРТ бөлімі іске қосылғаннан кейін Аягөз ауданының тұрғындары облыс орталығына бармай-ақ, жергілікті жерде жоғары технологиялық тексеруден өте алады. Мұнда көршілес Үржар, Мақаншы және Ақсуат аудандарының, сондай-ақ, еліміздің өзге өңірлерінің тұрғындарына медициналық қызмет көрсетіледі.
Аягөз ауданының өзінде жыл сайын 1500-ге жуық адам МРТ зерттеуіне жүгінеді.
«Мұндай бөлім облыстағы аудандардың ішінде алғаш рет Аягөз ауданында ашылып отыр. Мамыр айынан бері 70-тен астам адам МРТ-ға түскен екен. Енді бірнеше ауданның халқы қалаға бармай-ақ осы жерге келетін болады. Ең бастысы, халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетілуі керек», – деді облыс әкімі.
Аурухана дәрігерлері жаңа нысанның салынғанына ризашылықтарын жеткізді.
«Мен осы ауруханадағы жасы ең үлкен дәрігермін. Еңбек өтілім – қырық алты жыл. Біз еңбек ете бастаған кез бен қазіргі аурухананың айырмасы жер мен көктей. «Елу жылда ел жаңа» дегендей, қазір инсульт желісі, кардиологиялық орталық, әйелдерге қызмет көрсету бөлімі, сондай-ақ, былтыр 10 орындық реанимация бөлімі ашылды. Енді міне, МРТ бөлімі ашылып отыр. Аудандық аурухана үшін бұл үлкен жетістік. Осының барлығы көңілге қуаныш ұялатады», – дейді Аягөз аудандық ауруханасының сарапшы-дәрігері Роза Маңғызбаева.
Айта кетейік, былтыр «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында Аягөз аудандық ауруханасы жанынан 10 төсектік реанимация бөлімі ашылған болатын.