Абай облысында жүзеге асырылатын инвестициялық жобаларды сүйемелдеу мәселесі талқыланды

Абай облысында жүзеге асырылатын инвестициялық жобаларды сүйемелдеу мәселесі талқыланды

Бүгін Астана қаласында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен Абай облысында іске асырылатын инвестициялық жобалар бойынша арнайы жиын өтті. Кездесуге облыс әкімі Берік Уәли, Қытай Халық Республикасының инвесторлары қатысты.

Жиында қытайлық «Сан Бао» корпорациясының президенті Кан Хэпин өңірде жүзеге асыруды жоспарлап отырған жобалар туралы баяндады.

Абай облысында Қытай Халық Республикасының жетекші өнеркәсіптік компанияларының қатысуымен алюминий өндірісі және жаңартылатын энергетика саласында жалпы құны 2,5 млрд АҚШ долларын құрайтын үш ірі инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Екі алюминий зауытының жобалық қуаты – жылына 600 мың тонна, ал ілеспе жаңартылатын энергетика нысандарының жалпы қуаты – 2,5 ГВт. Жобалар толық іске қосылғаннан кейін 2 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын құру жоспарлануда.

«Бұл жобаларды іске асыру өңірде жаңа өндірістер ашуға, өңдеу өнеркәсібін дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді. Әсіресе, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану негізінде төмен көміртекті жасыл алюминий өндірісін дамыту – болашағы зор бағыттардың бірі деп санаймыз. Облыс әкімдігі аталған жобаларды іске асыруға толық мүдделі. Өз құзыретіміз шеңберінде жер учаскелерін беру, инфрақұрылым мәселелерін шешу және инвесторларды сүйемелдеу бойынша қажетті қолдау көрсетіледі», – деді Берік Уәли.

Жиын қорытындысында Н.Нәлібаев аталған инвестициялық жобалардың стратегиялық маңызын атап өтіп, оларды уақтылы әрі тиімді іске асыру үшін жауапты мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыровқа Қазақстан мен Қытай арасындағы инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі нығайту мақсатында инвестициялық келісім әзірлеу жұмыстарын қолға алып, оны Үкіметаралық деңгейде қолдау мәселесін пысықтауды жүктеді.

Айта кетейік, облыс әкімі Берік Уәли бастаған өңір делегациясы биылғы 25-28 маусым күндері Қытай Халық Республикасына барып, Үршімші, Бейжің, Ордос қалаларында бірқатар іскерлік кездесу өткізіп, маңызды келісімдерге қол жеткізді. Осы сапар қорытындысында Абай облысы мен Қытай компаниялары арасында жалпы құны 4 миллиард АҚШ долларын құрайтын меморандумға қол қойылды.

Ерекше атап өтерлігі, осы сапар аясында Қытай Халық Республикасының Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданының әкімшілік орталығы Үрімші қаласында «Семей» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның инвестициялық-сервистік кеңсесі ашылды.

Абай облысында биыл жалпы құны 131,2 млрд теңгені құрайтын 41 инвестициялық жобаны іске асыру және 3263 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша жалпы құны 34,62 млрд теңгені құрайтын 14 инвестициялық жоба пайдалануға беріліп, 598 жаңа жұмыс орны құрылды.