
Бүгін Семейде 1400 орындық заманауи BINOM мектебінің іргетасын қалау рәсімі өтті. Шараға облыс әкімі Берік Уәли, «BI Group» компаниясы директорлар кеңесінің мүшесі Бауыржан Исабаев, «BINOM» мектептер желісінің директоры Шолпан Қадырова, ұлағатты ұстаз, «Қазақстанның Еңбек Ері» Алма Шүкіжанова қатысты.
Салтанатты рәсімде құттықтау сөз сөйлеген аймақ басшысы жаңа мектептің құрылысы өңірдегі білім беру инфрақұрылымын дамытудағы маңызды жобалардың бірі екенін атап өтті.
«Бүгін біз тарихи сәттің куәсі болғалы тұрмыз. Облысымызда тұңғыш рет елімізде BINOM мектептер желісі ретінде танымал болып, елдің ықыласына бөленіп, ата-аналар мен оқушылардың жүрегінен жол тапқан BINOM мектебінің құрылысы басталғалы отыр. Бұл – біз үшін үлкен жаңалық және мақтаныш. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Білімді ұрпақ – ұлттың болашағы» деп атап көрсетіп, әрбір баланың сапалы білім алуына тең мүмкіндік жасалуы тиіс екенін үнемі айтып келеді. Осы міндетті жүзеге асыру мақсатында елімізде жаңа мектептер салу, білім беру инфрақұрылымын жаңғырту және балалар үшін қолайлы, қауіпсіз әрі заманауи білім беру ортасын қалыптастыруға айрықша көңіл бөлінуде. Қарағайлы – қарқынды дамып келе жатқан жаңа шағын аудан. Мұнда халық санының артуымен бірге мектеп жасындағы балалар саны да жылдан-жылға өсіп келеді. Сондықтан бүгін капсуласы қаланып отырған жаңа BINOM мектебі – уақыт талабынан туған қажеттілік әрі мемлекеттік білім саясатының нақты нәтижесі. Бүгінгі капсула салу рәсімі – жай ғана құрылыс жұмысының басталуы емес. Бұл – білімге деген құрметтің, жас ұрпаққа деген сенімнің және олардың жарқын болашағына деген зор жауапкершіліктің белгісі. Жаңа BINOM мектебінің бой көтеруі дарынды балалардың қабілетін шыңдап, олардың халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті, білімді, жаңашыл әрі отаншыл азамат болып қалыптасуына берік негіз қалайды деп сенемін», – деді Берік Уәли.
Ерекше атап өтерлігі, бұл BINOM мектептер желісінің алғаш рет жаңарылтылған білім жүйесімен сабақ оқытатын еліміздегі 10-ыншы мектебі болады. Бұған дейін Астана мен Атырау қалаларында 9 мектеп бой көтерген. Яғни, Семей үшінші қала болады. Мектеп келесі оқу жылында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Әрбір BINOM мектебі – заманауи талаптарға сай жабдықталған, оқушылардың жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін білім беру кеңістігі. Мұнда мамандандырылған оқу кабинеттері, физика, химия, биология, нано және биотехнология зертханалары жұмыс істейді. Сондай-ақ, мектептерде кинозалдар, мұғалімдер мен оқушыларға арналған коворкинг-аймақтар, телестудиялар, ойын бөлмелері, смарт-сыныптар, шығармашылық жобаларды жүзеге асыруға арналған 3D-принтерлер, робототехника кабинеттері, металл және ағаш өңдеу шеберханалары бар. Бұдан бөлек оқушылардың коммуникативтік және көшбасшылық қабілеттерін дамытуға бағытталған Speaking Club пен TEDxBINOM алаңдары қарастырылған.
Жаңа мектептің құрылысына тұрғындар ризашылықтарын жеткізді.
«Осыдан 1 жыл бұрын Президентіміздің бастамасымен Қарағайлыда «Келешек мектебі» салынған болатын. Енді міне BINOM мектебі салынайын деп жатыр. Бұл – өте қуанышты жаңалық. Болашақта осы мектептен елімізге еңбек ететін ірі тұлғалар шығады деген ойдамыз», – деді ата-ана Рахат Райымбеков.
Бүгінде Абай облысында 306 мемлекеттік мектеп жұмыс істейді. Онда 100 мыңнан астам бала білім алуда. Өңірде 6300 оқушы орындарының тапшылығы бар. Оның ішінде 4100 орын Семей қаласына тиесілі. Осы мәселені кезең-кезеңімен шешу үшін «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында облыста 3000 оқушыға арналған бес жаңа мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Атап айтқанда, Семей қаласының Қарағайлы тұрғын ауданында 1200 орындық, Семей қаласының Водный кентінде 600 орындық, Аягөз қаласында 600 орындық, Бесқарағай ауылында 300 орындық мектеп, Семей қаласының Шығыс кентінде 300 орындық мектеп салынды.
Қазіргі таңда Жарма ауданының Суықбұлақ ауылында 100 орындық мектеп, сонымен қатар, Семей қаласындағы №4 және №30 жалпы орта білім беретін мектептерге қосымша ғимараттар салынып жатыр. Биыл Ақсуат ауданының Ақсуат және Екпін ауылдарында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 600 оқушыға арналған екі мектептің құрылысы басталады. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Абайға құрмет» республикалық акциясы аясында Астана қаласы биыл Семейде 1500 орындық «Келешек» мектебінің құрылысын бастайды.