
Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Жарма ауданына қарасты Шар қаласына барып, әлеуметтік және инфрақұрылымдық маңызы бар бірқатар нысандардағы құрылыс жұмысының барысымен танысты.
Аймақ басшысы әуелі қалада салынып жатқан жүзу бассейнінің құрылыс алаңында болды. Мұндағы құрылыс былтыр басталған. Қазіргі таңда бассейн қабырғасын бетондау және аумақты қоршау жүргізілуде.
Бассейннің жалпы ауданы 1298 шаршы метрді құрайды. Төрт жолақтан тұратын спорт нысанының ұзындығы 25 метр, ені 10 метр, бір ауысымда 50 адамға дейін қабылдайтын болады. Волейбол, баскетбол алаңдары қарастырылған. Жарма ауданы әкімінің міндетін атқарушы Берік Терлікбаев жобаны толық аяқтау үшін қосымша қаржы бөлу қажеттігін алға тартты.
Облыс әкімі мердігер ұйымға құрылыс жұмыстарының сапасы мен мерзіміне назар аударып, жобаны уақтылы аяқтауды тапсырды.
«Бассейн құрылысын жыл соңына дейін аяқтап, қолданысқа беруіміз керек. Шар қаласына бассейн керек. Халық күтіп отыр. Қажетті қаражатты қарастырамыз. Былтыр осындағы Мәдениет үйін толық жаңғыртудан өткіздік. Қазір бірнеше көше жөнделіп жатыр. Жалпы, Шар қаласының дамуы менің бақылауымда. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастыра береміз», – деді Берік Уәли.
Аймақ басшысы Шар қаласындағы теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмысының барысын да көрді.
Шағын шаһардағы теміржол вокзалы 1982 жылы салынған. Ғимаратқа соңғы рет 2012 жылы күрделі жөндеу жүргізілген. Мұнда бір күнде 160 адамға дейін қызмет көрсетіледі.
Теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары былтырғы жылдың екінші тоқсанында басталған. Мердігерлердің айтуынша, екі қабаттан тұратын жаңартылған ғимарат тамыз айында пайдалануға беріледі.
Реконструкция барысында ғимарат аумағы 413 шаршы метрден 654 шаршы метрге дейін ұлғайтылады. Шатыр толық ауыстырылып, ішкі және сыртқы әрлеу жұмысы жүргізіледі. Су, кәріз, жылу, электрмен жабдықтау, желдету және кондиционерлеу жүйесі жаңартылады. Перрондар қайта жөнделіп, іргелес аумақтар абаттандырылады. Вокзалдар жаңа жиһаздармен және қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілетін болады.
Облыс әкімі вокзал ғимаратын жаңғырту жұмыстары тұрғындар мен жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға бағытталғанын атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының вокзал инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы аясында республика бойынша 124 вокзалды жаңғырту жұмысы басталған болатын. Жуықта Бородулиха ауданының Ауыл және Белағаш ауылдарындағы теміржол вокзалдары қайта жаңғыртудан кейін елімізде алғаш болып пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта өңірдегі 8 теміржол вокзалын (Семей, Аягөз, Шар, Ақтоғай, Жалаңашкөл, Дегелең, Үшбиік және Жарма станциялары) жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Ең бастысы, нысандарды белгіленген мерзімде пайдалануға беруіміз керек», – деді Берік Уәли.