
Семейлік Арлан Абузяров шахматтан өткен «Senat Open» III ашық кубогының республикалық финалында рейтингтік санат бойынша ІІІ орын алды.
Абай облысының намысын қорғаған жас шахматшы Семей қаласындағы №37 мектептің түлегі, биыл Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған.
Арлан Абай облысының атынан өнер көрсетіп, еліміздің үздік шахматшыларымен бақ сынады.
Ол шахматпен жеті жасынан айналысады. Алғашқы жаттықтырушысы – Зинаида Ягунова. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне кандидат, ал FIDE рейтингінде 1989 ұпайы бар.
Бұл Арланның алғашқы ірі жетістігі емес. 2025 жылы Сербияның Врнячка-Баня қаласында өткен World Amateur Chess Championship әлем чемпионатында ІІІ орын иеленген.
Турнирге Арлан өздігінен дайындалған. Бос уақытында оқу бейнематериалдарын қарап, түрлі тапсырмаларды орындап, аптасына бір-екі рет тұрақты жаттығады. Республикалық финалдағы ең тартысты партия Қостанай облысының өкілі Сұлтан Жармағамбетовке қарсы өткен.
«Мен үшін оқу әрқашан бірінші орында болды, ал шахмат – сүйікті ісім. Әр жарыс өзіңді шыңдап, жаңа тәжірибе жинауға мүмкіндік береді. Ендігі мақсатым – Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясына түсіп, білікті заңгер маман атану. Сонымен қатар шахматпен айналысуды жалғастырамын», – дейді жас шахматшы.
Арланның шахматқа қызығушылығы отбасынан басталған. Оның әкесі Руслан Абузяров мен атасы Рафаил Абузяров та тәжірибелі шахматшылар.
Жас спортшы өңірдегі дарынды балаларға қолдауды күшейту маңызды деп санайды.
«Абай облысындағы жас шахматшыларға көбірек қолдау көрсетілсе деймін. Өйткені олар – біздің болашағымыз. Қолдау болса, халықаралық деңгейде ел намысын қорғайтын таланттар көбейеді», – дейді Арлан.
Еске салайық, «Senat Open» III ашық кубогының өңірлік кезеңін Абай облыстық мәслихаты мен «Абай облысының шахмат федерациясы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Арлан Абай облысында өткен ширек финалда 165 қатысушының ішінен І орын алды. Өңірлік және жарты финалдық кезеңдерден сүрінбей өткен Арлан Абузяров республикалық финалда үздік үштікке енді.
Абай облысы мәслихатының баспасөз хатшысы