Бейжіңде Абай облысы мен Қытай компаниялары арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды

Бейжіңде Абай облысы мен Қытай компаниялары арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды

Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Қытай Халық Республикасының Бейжің қаласында бірқатар шетелдік инвесторлармен кездесті. Кездесу барысында инвестициялық ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланып, жалпы құны 2,5 миллиард АҚШ долларын құрайтын меморандумға қол қойылды.

Аймақ басшысы әуелі «DDS Group» компаниясы өкілдерімен кездесті. «DDS Group» – өнеркәсіптік жаңғырту, инфрақұрылымдық құрылыс және индустриялық парктерді дамыту саласында жұмыс істейтін халықаралық инжинирингтік және инвестициялық компания. Әлемнің 30-дан астам елінде қызмет атқаратын компания инвестициялау, жобалау, құрылыс және пайдалануды қамтитын толық циклді жобаларды жүзеге асырады. Өнеркәсіптік парктерді, көлік инфрақұрылымын, тұрғын үй және өндірістік нысандарды салуда мол халықаралық тәжірибеге ие. Кездесу қорытындысында облыс әкімі Берік Уәли мен «DDS Group» компаниясының директоры Хуа Дунъи өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Компания Мақаншы ауданының Бақты ауылында жалпы аумағы 3 000 гектар болатын өнеркәсіптік парк құрылысын бастауды жоспарлап отыр. Жоба құны 1,5 миллиард АҚШ долларын құрайды.

Аймақ басшысы сондай-ақ Қытайдың жетекші өнеркәсіптік холдингтерінің бірі – Jiachen Group компаниясының басшылығымен кездесті. Компания металлургия, тау-кен өндірісі, отқа төзімді материалдар шығару, логистика және халықаралық сауда салаларында жұмыс істейді. Кездесу соңында Абай облысының әкімдігі, Liaoning Jiachen Holding Group және Xinjiang Sanbao Industrial Group компаниялары арасында Абай облысы, Мақаншы ауданында алюминий зауытын салу жобасын іске асыру үшін өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Жоба құны 1 миллиард АҚШ долларын құрайды.

Сонымен қатар облыс әкімі China Railway Construction Engineering Group (CRCEG) компаниясының өкілдерімен жүздесіп, кәсіпорынның жұмысымен танысты. Қытайдың жетекші құрылыс-инжинирингтік компанияларының бірі саналатын CRCEG тұрғын үй, өндірістік және көлік инфрақұрылымы, теміржолдар мен автомобиль жолдарын салу бағытында ірі жобаларды жүзеге асырып келеді. Тараптар Абай облысында инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, көлік-логистикалық желіні дамыту және құрылыс саласындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.