Биыл Алакөл жағалауында ауқымды абаттандыру жұмыстары жүргізілді

Биыл Алакөл жағалауында ауқымды абаттандыру жұмыстары жүргізілді

Облыс әкімі Берік Уәлиге Алакөл жағалауын абаттандыру, демалыс орындары орналасқан көше жолдарын жөндеу барысы таныстырылды. Бұл туралы Мақаншы ауданының әкімі Дәурен Қойгелдин баяндады. Туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында биыл жағалаудағы 5 шақырымға жуық көше жолдарына асфальт төселді. Былтыр да осындай көлемде жұмыс жүргізілген болатын. Бұдан бөлек ұзындығы 5 шақырым велосипед жолы жаңартылып, бойына жарық тартылып, боялды. Алакөл мен Қабанбай ауылы арасының жақын болуына байланысты демалыс аймағына мал кіріп кетпеу үшін жағалаудың 11 шақырымы қоршалды.

Аудан әкімі Алакөлдің жағалауындағы көшелер мен веложолдар 9 жылдан бері жаңартылмағанын, былтырдан бастап облыс әкімдігінің қолдауымен ауқымды жұмыс жүргізілгенін айтты.

«Соңғы екі жылда тек көлдің жағалауындағы көшелердің 10 шақырымына асфальт төселіп отыр. Мұндай жұмыс 2017 жылдан бері жүргізілмеген. Былтырғы жылмен салыстырғанда әлдеқайда жақсарып қалғаны көрініп тұр. Қажетті жол белгілері орнатылып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыра береміз», – деді Берік Уәли.

Биыл жағалауды жарықтандыруға ерекше көңіл бөлінді. Жалпы саны 450 жарық бағаны орнатылып, жағалаудың 4 шақырым аумағы толық жарықтандырылды. Бұған қоса бұған дейін жарық тартылмаған бірқатар көшеге жарық жүргізілді.

Аймақ басшысы туристік аймақтағы полиция пункітінің жұмысын да көрді. Осы жерде Цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Абзал Серікұлы мен Полиция департаменті бастығының орынбасары Жасұлан Байкенов Алакөл жағалауын цифрландыру және қоғамдық қауіпсіздікті күшейту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Биыл жағалауда жасанды интеллект технологияларымен жабдықталған 224 заманауи бейнекамера орнатылды. Қазіргі таңда барлығы жұмыс істеп тұр. Интеллектуалды жүйе тәулік бойы қоғамдық тәртіпті бақылап, адамдардың шоғырлануын, құқық бұзушылықтарды және ықтимал қауіпті жағдайларды автоматты түрде анықтайды. Сондай-ақ, жағалау мен су айдынында ақылды дауыс зорайтқыштар жұмыс істеп, демалушыларға қауіпсіздік талаптарын сақтау және қоршаған ортаны таза ұстау жөнінде ескерту хабарламаларын таратады.

Биыл Алакөл жағалауында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге 57 полиция қызметкері жұмылдырылған. Өткен жылы бұл көрсеткіш 45 болған.

Демалушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында жағалау аумағында 49 санитарлық-гигиеналық торап, 35 душ кабинасы, 75 киім ауыстыру орны, 100 қоқыс контейнері және 150 қоқыс жинауға арналған контейнер орналастырылуда. Сонымен қатар Жаңа Арбат аумағында 25 қоршау орнатылып, жағалау бойында 35 киім ауыстыру кабинасын орналастыру жұмыстары жүргізілуде. Жағажай аумағындағы 20 санитарлық торапты монтаждау және инженерлік желілерге қосу жұмыстары аяқталуға жақын.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жағалауға жалпы ұзындығы 5 мың метр болатын қалқаншалар (буйлар) орнатылды. Сондай-ақ, 10 құтқару мұнарасы, 2 пирс, 2 медициналық пункт және 6 ақпараттық пункт орналастырылды.

Экологиялық талаптарды сақтау мақсатында қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны елді мекеннен 800 метр қашықтыққа көшіріліп, оған жаңа 9 гектар жер телімі бөлінді. Ескі полигон толық рекультивацияланды. Қоқыс тәулігіне екі рет шығарылады. Сұйық тұрмыстық қалдықтарды тасымалдауға 16 арнайы техника жұмылдырылған.