
Бүгін Жезқазған қаласында шахматтан «Senat Open» III ашық кубогының жарты финалдық кезеңі басталды. Абай облысының шахматшылары турнирде бақ сынайды.
Жартылай финалға Абай, Ұлытау, Қарағанды облыстары мен Астана қаласының ширек финал жеңімпаздары қатысып жатыр. Абай облысынан турнирге 30-ға жуық қатысушы келді.
Қатысушылар қатарында облыстық, қалалық және аудандық мәслихат депутаттары, мемлекеттік қызметшілер, студенттер, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, ардагерлер және өзге де шахмат әуесқойлары бар.
Турнир Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Қазақстан шахмат федерациясының бастамасымен ұйымдастырылып отыр. Жарыс швейцариялық жүйе бойынша 9 турдан тұрады. Жартылай финал қорытындысы бойынша үздік ойыншылар анықталып, 26 маусым күні Астана қаласында өтетін финалдық кезеңге жолдама алады.
«Senat Open» турнирі шахмат спортын дамытуға, түрлі сала өкілдерін ортақ зияткерлік алаңға біріктіруге және бұқаралық шахмат қозғалысын қолдауға бағытталған.
АБАЙ ОБЛЫСЫ МӘСЛИХАТЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ