
Қытай Халық Республикасының Шыңжаң Ұйғыр автономиялық өлкесіне қарасты Алтай қаласында «Үлкен Алтай – 2026» халықаралық субөңіраралық ынтымақтастық конференциясы өз жұмысын бастады.
Іс-шараға Қазақстан, Қытай, Ресей, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстанның өкілдері жиналды. Абай облысынан мәслихат төрағасы Шалқар Байбеков бастаған делегация келді. Құрамында аудан әкімдері, облыстық басқарма басшылары, мәслихат депутаттары, білім, кәсіпкерлік және туризм саласының өкілдері бар.
Жиынды ашқан Шыңжаң Ұйғыр автономиялық өлкесі партия комитетінің хатшысы Чэнь Сяоцзян Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ шекаралас өңірлер арасындағы байланысты одан әрі кеңейтуге дайын екенін жеткізді.
Конференцияда облыстық мәслихат төрағасы Шалқар Байбеков баяндама жасап, Абай облысының инвестициялық және көлік-логистикалық әлеуетін таныстырды. Баяндамада өткен жылы Алтай қаласында өткен алғашқы конференция қорытындысында жалпы құны 1,5 млрд АҚШ доллар 15 меморандумға қол қойылғаны айтылды. Соның нәтижесінде бүгін қытайлық серіктестермен бірлесіп, жалпы құны 1,1 млрд АҚШ долларынан асатын алты ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр.
Сондай-ақ өңірдің инвестициялық қоржынында жалпы құны 8,6 млрд АҚШ доллар 112 жоба бар екені атап өтілді. Қазіргі уақытта мыс балқыту зауыты, «Аягөз – Бақты» теміржол желісі, жел электр станциясы, сауда-логистикалық кешен және «Бақты» индустриялық аймағы сияқты стратегиялық жобалар іске асырылып жатыр.
Шалқар Байбеков шетелдік инвесторларды Абай облысында жүзеге асырылып жатқан жобаларға белсенді қатысуға шақырды. Инвесторларға қажетті қолдау көрсетуге жергілікті атқарушы органдар дайын екенін жеткізді.
АБАЙ ОБЛЫСЫ МӘСЛИХАТЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ