Ақсуат ауданының Көкжыра ауылында мәдениет үйі ашылды

Ақсуат ауданының Көкжыра ауылында мәдениет үйі ашылды

Бүгін Ақсуат ауданының Көкжыра ауылында мәдениет үйі пайдалануға берілді. Жаңа нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Берік Уәли қатысты.

Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес Ақсуат ауданында әлеуметтік және мәдени инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Соның нәтижесінде 2010 жылғы су тасқыны кезінде мәдениет нысанынан айырылған Көкжыра ауылында жаңа мәдениет үйі есігін айқара ашты.

Салтанатты шарада құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімі жаңа нысанның ауыл тұрғындарының игілігіне қызмет ететінін атап өтті.

«Бұл – ауыл тұрғындары көптен күткен қуанышты күн, ел игілігі үшін атқарылған маңызды істің нақты нәтижесі. Былтыр Ақсуат ауданына жұмыс сапарымен келгенде Көкжыра ауылындағы мектеп алдында тұрғындармен кездескенде Мәдениет үйін салу мәселесін көтерген болатын. Сол 2010 жылдан бері айтылып жүрген мәселе қысқа мерзім ішінде, бір жылға жетер-жетпес уақытта шешімін тауып, әдемі мәдениет үйі бой көтерді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Ауыл – халқымыздың тамыры, рухани қазығы. Бұрын солай болған, болашақта да солай болып қала бермек», – деп ерекше атап өткен болатын. Бүгінгі мәдениет үйінің ашылуы осы ұстанымның нақты жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Заманауи техникамен, қажетті жиһаздармен және мәдени шараларды өткізуге арналған құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген бұл нысан ауыл өмірінің жаңа тынысын ашатыны сөзсіз. Мәдениет – ұлттың жаны, руханияттың алтын діңгегі. Жаңа мәдениет үйі Көкжыра ауылының мерейін өсіріп, тұрғындардың игілігіне қызмет етсін», – деді Берік Уәли.

Көкжыра ауылының тұрғындары ризашылықтарын жеткізді.

«Былтыр облыс әкімі Берік Уәли Көкжыра ауылының халқымен кездескенде тұрғындар 16 жылдан бері мәдениет үйінсіз отырғанын жеткізген еді. Сол кезде аймақ басшысының берген уәдесі бүгін міне орындалып отыр. Ауыл – біздің болашағымыз. Облыс басшылығының ауылдарға ерекше көңіл бөліп жатқаны қуантады. Ауыл тұрғындары атынан зор ризашылығымызды білдіреміз», – дейді Көкжыра ауылының тұрғыны Талғатбек Қалибеков.

Жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында іске асырылды. Жалпы ауданы 725,38 шаршы метр болатын екі қабатты мәдениет үйі 150 орынға арналған. Ғимаратта кітапхана, оқу залы, би және гимнастика үйірмелеріне арналған арнайы залдар, шығармашылық кабинеттер, әкімшілік бөлмелер, әртістерге арналған гримдеу бөлмелері мен өзге де қажетті кабинеттер қарастырылған. Кітапхана қоры 4 мың кітап сақтауға есептелген.

Сонымен қатар жоба мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қажеттіліктерін ескере отырып әзірленген. Ғимаратта арнайы кабинеттер, қолжетімді санитарлық тораптар және тактильді бағыттау элементтері орнатылған. Мәдениет үйінде 18 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Былтыр Абай облысының Бородулиха ауданының Камышенка және Новопокровка ауылдарында мәдениет үйі пайдалануға берілді. Жақында Мақаншы ауданының Көктерек ауылында мәдениет үйі ашылды. Осындай нысан алдағы уақытта Үржар ауданының Жоғарғы Егінсу ауылында ашылатын болады.