Ақсуат ауданының Ойшілік ауылында заманауи спорт кешені ашылды

Ақсуат ауданының Ойшілік ауылында заманауи спорт кешені ашылды

Бүгін Ақсуат ауданының Ойшілік ауылында заманауи спорт кешені пайдалануға берілді. Жаңа нысанның ашылу рәсіміне облыс әкімі Берік Уәли қатысты.

Спорт кешенінің жалпы аумағы 1200 шаршы метрді құрайды. Мұнда әмбебап спорт залы, жаттығу залы, күрес залы, медициналық кабинет, әкімшілік және тұрмыстық бөлмелер орналасқан. Волейбол, баскетбол, шағын футбол, фитнес және күрес секілді спорт түрлерімен тұрақты айналысуға мүмкіндік жасалған. Нысан бір уақытта 46 адамды қабылдай алады.

Жаңа ғимараттың ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген аймақ басшысы бұл нысан ауыл тұрғындарының игілігіне қызмет етіп, жастардың спортқа қызығушылығын арттыруға ықпал ететінін атап өтті.

«Баршаңызды жаңа спорт кешенінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы қажет. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз», – деп атап өткен болатын. Бүгінгі пайдалануға беріліп отырған спорт кешені – осы мемлекеттік саясаттың өңірімізде жүйелі жүзеге асып жатқандығының айқын дәлелі. Қазіргі таңда Ақсуат ауданында бірқатар нысандар салынуда. Қысқа мерзім ішінде, бір жыл бұрын уәде етілген нысандардың барлығы ашылып жатыр. Биыл Ақсуат ауданында қатарынан екі спорт нысаны ел игілігіне берілді. Оның алғашқысы осы жылдың ақпан айында Екпін ауылында пайдалануға берілсе, бүгін міне, Ойшілік ауылында заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылуына куә болып отырмыз. Бұл жерде Ойшілік ауылының және жақын маңдағы елді мекендердің 1200-ге жуық тұрғыны волейбол, футбол, баскетбол және күрес секілді спорт түрлерімен тұрақты түрде айналысуға мүмкіндік алады. Ғимарат жанында футбол, баскетбол алаңдары бар. Мұнда тек аудан емес, облыс көлеміндегі жарыстарды өткізуге толық мүмкіндік бар. Жаңа спорт кешені жас спортшылардың жеңістеріне жол ашып, ауданымыздан республикалық және халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайтын чемпиондардың шығуына септігін тигізсін», – деді Берік Уәли.

Жобаны іске асыру барысында тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығына ерекше мән берілді. Ғимарат заманауи өрт дабылы жүйесімен, бейнебақылаумен, жарықтандыру және инженерлік желілермен жабдықталған. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың еркін қозғалуына арналған пандустар қарастырылған.

Спорт модулінің аумағы толық абаттандырылып, көгалдандырылған. Жаяу жүргіншілер жолдары, демалыс аймақтары, жарықтандыру жүйелері, велосипед тұрағы мен шағын сәулеттік нысандар орнатылған. Бұл ауыл тұрғындарының жайлы демалуына және бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді.

Спорт нысанының ашылуына орай Ойшілік ауылында волейболдан «OISHILIK CUP» облыстық турнирі өтті. Жарысқа 8 команда қатысты.