
Облыс әкімі Берік Уәли Ақсуат ауданында жүзеге асырылып жатқан маңызды инфрақұрылымдық жобалардың барысымен танысты.
Аймақ басшысы Құмкөл ауылында салынатын жаңа ауылдық дәрігерлік амбулаторияның құрылыс алаңында болды.
Елді мекен дәрігерлері қазіргі уақытта екі қабатты ескі ғимараттың бір бөлігінде қызмет атқарып отыр. Жаңа нысан ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған. Амбулатория заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, тұрғындарға қажетті медициналық қызметтерді ұсынуға мүмкіндік береді.
Облыс әкімі бұл нысанның ауылға аса қажет екенін атап өтті.
«Бұл дәрігерлік амбулатория – Құмкөл ауылының тұрғындары көптен күткен әрі аса қажетті әлеуметтік нысан. Мекеме заманауи талаптарға сай салынып, тұрғындарға сапалы алғашқы медициналық көмек көрсету үшін қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етіледі. Ауылда мыңға жуық халық тұрады. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарын бастау мақсатында алаңды дайындау жұмыстары жүргізілуде. Мердігер ұйым өкілдері нысанды алты ай ішінде аяқтауды жоспарлап отыр. Біздің тарапымыздан қажетті қаржының уақытылы бөлінуін қамтамасыз етеміз», – деді Берік Уәли.
Облыс әкімі Ойшілік ауылына кіреберіс аудандық маңызы бар автомобиль жолындағы орташа жөндеу жұмыстарының орындалуын да қадағалады.
Жоба аясында Ойшілік ауылына кіреберіс аудандық маңызы бар автомобиль жолының 9,6–20,2 шақырым аралығына асфальт төселіп жатыр. Мамандардың айтуынша, жолдың асфальт-бетон жамылғысы әбден тозып, кейбір учаскелерінде батпақ қабаты пайда болған. Соның салдарынан аталған жол бөлігі көлік қозғалысы үшін қолайсыз жағдайға түскен.
Орташа жөндеу жұмыстары 2025 жылдың қазан айында басталған. Өткен жылы ұзындығы 9,8 шақырым болатын учаскенің ескі асфальт жамылғысы толық қырылып, жолдың 500 метр бөлігіне қалыңдығы 7 сантиметр, ені 6 метр жаңа асфальт төселді. Биыл жолдың 2,4 шақырымындағы батпаққа айналған негіз қабатын толық ауыстыру, сондай-ақ, 9,3 шақырым жол бөлігінің профилін түзету және толық асфальттау жұмысы жүргізіледі.
Аталған автомобиль жолы Құмкөл және Ойшілік ауылдық округтерін аудан орталығымен байланыстырып қана қоймай, шекаралық аймақта орналасқан Қасым Қайсенов және Хабарасу шекаралық бекеттеріне қатынауды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар облыстық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарымен көлік байланысын нығайтады.
Мердігер ұйым өкілдерінің айтуынша, жол жөндеу жұмыстарын 2026 жылдың қыркүйек айының соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Облыс әкімі жауапты басқарма басшылары мен мердігер ұйымдарға, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» мамандарына құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде әрі сапалы орындауды тапсырды.