Абай облысында шахматтан «Senat Open» III ашық кубогының 1/4 финалдық кезеңі басталды

Абай облысында шахматтан «Senat Open» III ашық кубогының 1/4 финалдық кезеңі басталды

Бүгін Семей қаласында шахматтан «Senat Open» III ашық кубогының 1/4 финалдық кезеңі басталды. Ауқымды турнир Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының қолдауымен және Қазақстан шахмат федерациясының ұйымдастыруымен өткізіледі.

Өңірде жарысты ұйымдастырушылар – Абай облысының мәслихаты, Абай облысының спорт басқармасы және «Абай облысының шахмат федерациясы» қоғамдық бірлестігі.

Турнирдің ашылу салтанатында Абай облысы мәслихатының депутаты, облыстық мәслихаттың экономика, бюджет және қаржы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Рафаиль Хазипов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Биылғы 1/4 финалдық кезеңге Абай облысының қала, аудандарынан 165 қатысушы жиналды. Олардың қатарында қалалық және аудандық мәслихат депутаттары, ардагерлер, мемлекеттік қызметшілер, қоғамдық кеңес мүшелері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бар.

Ширек финал швейцариялық жүйе бойынша 9 турдан тұрады. Ойын қорытындысы бойынша 35 жеңімпаз анықталады. Жеңімпаздар 20 маусым күні Ұлытау облысында өтетін жартылай финалдық кезеңге қатысады. Ал «Senat Open» III ашық кубогының финалы маусым айының соңында Астана қаласында өтеді.

АБАЙ ОБЛЫСЫ МӘСЛИХАТЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ